Астанадағы Ұлттық музей ғимаратында ауқымды этнофорум өтеді. Оған қолөнершілер, дизайнерлер, кәсіпкерлер, этносарапшылар, мәдениет және туризм саласының қызметкерлері қатысады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Форумның басты мақсаты – ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, қолөнер мен этноқұндылықтарымызды дәріптеу, мәдени туризм мен креативті индустрияны дамыту, ұрпаққа аманат ету.
Іс-шара аясында этнокөрме (қолөнер бұйымдары), этностильдегі сән көрсетілімі өтеді. Форум алаңында ашық пікір алмасу ұйымдастырылады.
Сол сияқты формуға қатысушылар «Хас шебер» қауымдастығының жұмысымен танысып, ұлттық құндылықтарды дамыту жолындағы нақты ұсыныстарды талқылайды.
Ауқымды этно жиынға Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Туризм және спорт министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен мәдениет қайраткерлері қатысады. Іс-шара 13 желтоқсан сағат 09:00-де басталады. Этнофорумға мына сілтеме арқылы тіркелуге болады: https://forms.gle/cvkkwe4HWuD9aQUTA