ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбазы телефондарды колонияға кіргізу әрекетінің жолын кесті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары шеңберінде Ұлттық ұлан әскері қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің күзетін күшейтті. Жыл басынан бері ҚАЖ мекемелеріндегі бақылау-өткізу пунктерінде тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқан 36 дерек анықталды. Жедел жағдай көрсеткендей, Ұлттық ұлан әскери қызметкерлері полиция департаменттерімен және ҚАЖ департаменттерімен бірлескен тәулік бойғы патрульдік қызметі мекемелерге тыйым салынған заттардың жеткізілу арналарына тосқауыл қоюда. Осылайша, аталған кезеңде тыйым салынған заттарды өткізудің 128 әрекеті анықталды. Оның ішінде 7 дерек дрон қолдану арқылы іске асырылмақ болған. 11 қараша күні сағат 15:00 шамасында Ленгер қаласында орналасқан №55 ҚАЖ мекемесінің аумағына кіріп келе жатқан автокөлікті тексеру кезінде бақылау тобының сарбазы Әділет Нұрланұлы цемент салынған қапта жасырылған тыйым салынған заттарды анықтады.
Тексеріс барысында ұландық сарбаз 10 телефон, 11 SIM-карта, 2 қуаттау құрылғысын тәркіледі. Айта кетсек, күн сайын шамамен мыңға жуық ұландық мекеме аумағына тыйым салынған заттардың өткізілуіне жол бермеуде. Мұндай нәтижелер – Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қырағылығы мен кәсібилігін жоғары деңгейде екенін дәлелдейді. Олар күнделікті қызметте ҚАЖ бөлімшелерімен тығыз өзара әрекеттесе отырып, мекемелердегі қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз етеді.