Астана халықаралық әуежайында 5 қарашаға ауған түні жүгіруден Нью-Йорк марафонында 80-89 жас санатында чемпион атанған Салтанат Түйтебаев елге оралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Көпке үлгі, жүгіруді күнделікті әдетіне айналдырған атамызды Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов, туған-туыстары құшақ жая қарсы алды.
80 жастағы атамыз бұған дейін 2021 жылы да Нью-Йорк марафонына қатысып, 75-79 жас санатында күміс жүлде алған еді. Міне, араға 4 жыл салып, ол 42,2 шақырымды 4 сағат 45 минут 56 секундта жүгіріп өтті. Осы нәтиженің арқасында атамыз 80-89 жас санатында топ жарды.
Жалпы 2025 жылғы Нью-Йорк марафонында Қазақстан атынан 44 спортшы қатысты.Ал New York Marathon жүгірісінде ең егде қатысушы болып Жапониядан барған Коичи Китабатаке танылды. 91 жастағы қатысушы марафон қашықтығын 7 сағат 25 минут 13 секундта еңсерген.