Дүниежүзілік банк пен ХВҚ-ның жылсайынғы сессияларына қатысу шеңберінде вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Нью-Йорк қор биржасына (New York Stock Exchange, NYSE) барды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биржаның қызметі мен негізгі бағыты туралы NYSE стратегиялық операциялар және корпоративтік қатынастар департаментінің басшысы Уилл Гудвин айтып берді.
NYSE өкілдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру мүмкіндігіне, сондай-ақ мемлекеттің қатысуымен ірі ұлттық компаниялардың биржаға шығу перспективасына байланысты барлық сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беріп, сауда-саттықты ұйымдастыру және эмитенттермен өзара әрекеттесу саласындағы тәжірибесімен бөлісті.
Сапар соңында делегация сауда залының жұмысымен және биржаның жұмыс істеу тетігімен танысты.
Анықтама:
Нью-Йорк қор биржасы (NYSE) – әлемдегі ең үлкен және ең көне сауда алаңының бірі, американдық және жаһандық қор нарығының символы. Нью-Йорктегі Уолл-стритте орналасқан биржа листинг рәсімінен өткен компаниялардың акцияларының, облигацияларының және басқа да қаржы құралдарының айналымын жүзеге асырады. Бүгінгі таңда NYSE Interсontinental Exchange (ICE) холдингінің құрамына кіреді. Ол электрондық технология мен дәстүрлі "жанды" сауда-саттықты біріктіретін заманауи сауда экожүйесі.