Астанадағы Орталық саябақта Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтетін XX жазғы Азия ойындарын қолдау мақсатында Fun Run жүгіру іс-шарасы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараны Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК), Азия ойындарының ұйымдастыру комитеті (AINAGOC), Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.Fun Run жүгірісі Азиада-2026 ұйымдастыру комитетінің промо-науқанына кіреді және «Біртұтас Азияны елестет» ұранымен өткізіледі.
Іс-шараға Азиада-2026 ұйымдастыру комитетінің бас директоры міндетін атқарушы Ясухиро Накамори, Азия Олимпиадалық кеңесінің ұлттық олимпиадалық комитеттермен байланыс және даму бағдарламалары жөніндегі директоры Виссам Тркмани, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас директоры Нұрлан Нөгербек және ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова қатысты.
1 шақырымдай қашықтықты құрайтын жүгіріске барлық жас санатындағы 100-ден астам әуесқой спортшылар қатысты. Жүгірістің соңында қатысушылар арнайы естелік медаль және сертификаттармен марапатталды.Айта кетейік, 2026 жылдың 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығына жоспарланған Азиада-2026 бағдарламасына 41 спорт түрі енген. Жалпы 68 бағдарлама бойынша 460 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Жүлденің 217-сі ерлер, 204-і әйелдер, 39-ы аралас санаттарда үлестіріледі.