Алматыда Түркі әлемінің Жастар астанасы мәртебесі аясында түркітілдес елдердің дарынды жастарының басын қосқан мерекелік Жайдарман ойыны өтті. Іс-шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен Республика сарайында ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркиядан келген командалар көрермендерге шығармашылық шабыт пен әзілге, достық пен мәдени бірлікке толы ерекше кеш сыйлады. Әр команда өз елінің ұлттық болмысын, актерлік шеберлігін және өзіндік әзілін шебер үйлестіріп көрсетті.
«Алматыға «Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесінің берілуі – біз үшін үлкен жауапкершілік. Бұл мәртебе Алматының халықаралық жастар кеңістігіндегі рөлін арттырып, жаңа жобаларға жол ашады. Алматы – мүмкіндіктерге мол қала. Біз мәдениет пен білім беру саласындағы бағдарламаларды, спорттық және еріктілік бастамаларды дамыту арқылы жастарды біріктіруді жалғастырамыз. Бүгін бауырлас елдердің жастарының бір сахнада өнер көрсетуі – бірлік пен сенімнің, ортақ құндылықтардың нышаны», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
Жарыс нәтижесінде көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленген «Рудный» командасы 1-орын иеленді. Қырғызстандық «Торнадо» мен «Лидер» командалары 2-орын, ал Түркия құрамасы 3-орын алды.
Айта кетейік, «TurkiCUP» жобасы – түркі әлемі елдерінің мәдени байланысын нығайтып, Жайдарман ойыны арқылы ортақ рух пен бауырластықты көрсеткен ерекше бастама болды.
