Алматыда халықаралық жастар күніне орай «Alma Love» фестивалі аясында «JASTAR JOLY» квест ойыны және «SOCIAL LAB» әлеуметтік жобалар көрмесі сынды екі айтулы іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шаралар Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасының қолдауымен өтіп жатыр.Квестке 1000-нан астам жас қызығушылық танытып, іріктеу кезеңінен 40 команда өтті. Ойын бес турдан тұрды: қатысушылар қаланы зерттеп, тапсырма орындады, тарих пен мәдениетке қатысты сұрақтарға жауап берді, сондай-ақ, интерактивті ойындарға қатысты. Үздік командалар марапатталды. «SOCIAL LAB» көрмесінде 20-дан астам жастар жобасы ұсынылды. Олардың қатарында инклюзивті театр, еріктілер жобалары, ашық аспан астындағы кино көрсетілімдері, оқыту курстары, «Тілдер саябағы» жобасы, профилактикалық бағдарламалар, жасанды интеллект пен робототехника саласындағы жұмыстар бар. Көрменің мақсаты – қала тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар жобалармен таныстырып, қолдау көрсету.«Alma Love» фестивалі 12 тамызға дейін жалғасады. Бағдарламада экологиялық акция, спорттық турнир, квест-ойындар, Open Mic форматындағы концерттер және басқа да іс-шаралар бар. Қорытынды гала-концерт Б.Шолақ атындағы спорт кешенінде өтеді.