Балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында оқушылар сарайы және мекеме жанындағы мектептер арасында арнайы келісімшарт жасалып, меморандумға қол қойылды. Жоба аясында атқарылатын шаралар қалалық білім беру бөлімінде талқыланды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Оқушылар сарайы мен қала мектептері балалардың бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы ұйымдастыруда бірлесе жұмыстанатын болады. Осы ретте екі мекеме арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бірлескен жұмыс аясында балалардың жан- жақты дамуына жағдай жасау, балалар ұйымын жандандыру , патриоттық тәрбиені дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсат етіліп отыр.
Жоба аясында қаланың әр ауданындағы балалар қамтылып, жұмыс үш бағытта жүргізілетін болады. Бірінші бағыт – оқу процесі. Оқушыларға мемлекеттік емтихандарға, атап айтсақ PISA халықаралық бағалау бағдарламасына дайындық жүргізу үшін арнайы интерактивтік тақтамен жабдықталған кабинеттер бөлініп, қосымша сабақтар жүргізіледі. Бұл сабақтарға 15 жастан асқан балалар, яғни 8 сынып тәмамдап, 9 сыныпқа көшкен оқушылар қатыса алады. Қосымша сабақтар 8 пәннен өткізілетін болады. Оқу сауаттылығында орыс тілі, қазақ тілі, физика, география, биология және химия сынды пәндер қамтылған. Бұл жобаны ұйымдастырудың мақсаттарының тағы бірі – өткен жылғы пандемияға орай қашықтықтан оқытылған балалардың білім деңгейін көтеру. Сонымен қатар, мектептегі оқушы санының көптігіне байланысты кабинет бөлу арқылы мектептерге көмек көрсету болып табылады. Жобаның 2 бағыты – тәрбие бағыты. Өңірімізде еріктілер, жас инспектор, мобильдік алаң сынды үйірмелер, дебаттық ұйымдар бар. Осы үйірмелер жұмысын жандандыра отыра, сарай жанынан театр, хореография сынды үйірмелер ашылмақ. Үйірме жұмысымен қамту арқылы балалардың рухани-адамгершілік және патриоттық сезімдерін оятуға басымдық берілмек. Жобаның соңғы 3 бағыты – қоғамдық бағыт болып табылады. Бұл бағыт аясында оқушылардың ата-аналарымен түрлі бағыттағы шаралар мен жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.
Үйірмелерге түрлі жас аралығындағы оқушылар қатыса алады. Аталмыш үйірмелердің ерекшелігі жас айырмашылығына байланысты бөлінуінде болмақ. Мысалы бір топ 7-10 жастағы балаларды қамытса, келесі топ 10-15 жастағы балаларды қамтитын болады.
Жоспарлы жұмыстар таныстырылып, қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалған соң, "Оқушылар сарайы" МКҚК директоры мен №41, 42, 44, 46, 37, 28, 24, 9, 5 мектеп, гимназия басшылары меморандумға қол қойды. Ендігі кезекте мектеп басшылығымен тағы бір мәрте кездесіп, үйірмелер мен шаралар барысын тағы бір нақтылау жоспарланып отыр.
Орал қаласы