Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов күзгі дала жұмыстары аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамту жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері биылғы 1 шілде мен 31 қараша аралығына «2025 жылғы күзгі дала жұмыстарына 422 мың тонна дизель отынын беру кестесін» бекіткен. Оған қосымша шаруаларға 20 мың тонна күзгі дала жұмыстарына және 40 мың тонна астық пен майлы дақылдарды кептіруге дизель отыны бөлінген.«2025 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бөлінген дизель отынының жалпы көлемі – 863 мың тонна, оның ішінде көктемгі дала жұмыстарына – 401 мың, күзгі дала жұмыстарына – 422 мың және кептіруге – 40 мың тонна», — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.ҚҚС-пен бірге есептегенде бір литр дизель отынының бағасы 254 теңгені құрайды. Жеткізіп берудегі ашықтық пен бақылауды қамтамасыз ету үшін сандық таңбалау (ПИН-кодтар) енгізілді, түсті таңбалау және электрондық шот-фактура жүйесіне дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма құру жөнінде шаралар қабылданды.Шілде-қыркүйек айлары аралығында шаруаларға 238 мың тонна отын берілді, ол жоспардың 60%-ы. Қазан және қараша 30,8 мың тонна беру жоспарланып отыр.Министр шаруаларды дизель отынымен қамтамасыз ету Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.