Бүгін, 28 шілде күні Ақтаудағы «Жылы жағажай» аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарлары, Ақтау қаласының әкімі, коммуналдық қызмет өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, «Жасыл ел» еңбек жасағы мен жастар атсалысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тазалық жұмыстарына коммуналдық сала мекемелерімен қатар өзге де ұйымдардан барлығы 400-ге жуық қызметкер мен 4 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 12 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.

- Бүгінгі сенбіліктің басты мақсаты - Каспий теңізі жағалауын қоқыс қалдықтарынан тазартып, халық арасында демалыс мәдениетін қалыптастыруға үндеу. Өкінішке қарай, соңғы уақытта жағалауда қоқыс қалдыру деректері жиілеп кетті. Күні кеше ғана бұл аумаққа 8 мыңға жуық көлік пен 30 мыңнан астам адам келіп, демалды. Алайда көпшілігі демалыстан кейін артында қалдықтарын жинамай, сол күйі тастап кеткен. Соның салдарынан еріктілермен бірге тау-тау болып жиналған қоқысты өзіміз жинап жүрміз. Қазіргі таңда жағалаудағы тазалықты сақтау үшін коммуналдық қызметтің 80-ге жуық маманы жұмыс істеуде. Дегенмен, демалушылардың соңынан қоқыс қалдыруы әлі де тоқтар емес. Арнайы қоқыс жәшіктері орнатылғанына қарамастан, кейбір азаматтар 50 қадам жердегі контейнерге барып қоқысын тастауға бармай отыр. Экологиялық акция - бір күндік шара емес, бұл бағыттағы жұмыс жыл бойы жалғасады. Осы ретте барша халықты табиғатты аялауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шақырамыз, - деді Тілеген Әбішев.
Айта кетейік, 2023 жылы Маңғыстау облысына 390 мыңға жуық турист келген болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 420 мыңға жеткен. Ал биылғы шомылу маусымында өңірге 500 мыңнан астам демалушы келген.
Ресми мәліметтерге сәйкес, биыл табиғатты қорғау полициясы тарапынан табиғи аумақтарды ластағаны, қоқыс қалдырғаны және рұқсат етілмеген жерлерде экологиялық құқықбұзушылықтар бойынша 1000-ға жуық әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 70 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
