Жастар саябағында «Жасыл Ел» жастарының бастамасымен «Таза Қазақстан» ауқымды экоакциясы аясында ерекше іс-шара өтті. Бұл іс-шара елімізде кеңінен танылған «Жасыл ел» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды. Игі бастамаға 150-ден астам жас ерікті қатысып, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жастар күні бойы саябақ аумағында тазалық жүргізіп, 200-ден астам ағашқа су құйып, қоршаған ортаны жасыл желекпен көмкеруге атсалысты. Шара барысында саябақ ішіндегі қоқыс пен арам шөптер жиналып, жалпы салмағы 150 килограмнан асатын 18 қап қалдық шығарылды. Бұл – жастардың тек сөзбен емес, іспен де ел болашағына бейжай қарамайтынының айқын дәлелі.Экологиялық шара мұнымен шектелмеді. Жастар арасында өткізілген «Кітап алмасу» акциясы да ерекше қолдау тапты. 30-дан астам жас өздері оқып шыққан кітаптарын жаңа кітаптарға алмастырып, білімге деген қызығушылықты, рухани байлыққа деген құштарлықты танытты. Бұл бастама жастар арасында оқу мәдениетін дамытудың тағы бір жолы ретінде бағаланды.Сондай-ақ, 20-дан астам қатысушы үйлерінен арнайы алып келген пластикалық бөтелкелер мен ыдыстарды тапсырып, қайта өңдеуге жіберді. Бұл әрекет – күнделікті тұрмыста да экологиялық жауапкершілік таныту қажеттігін көрсетті.
