Түркістан облысының Шардара ауданында «Қазкрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу зауыты жұмысын бастады. Жаңа кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 150 мың тонна шикізат. 500 жұмыс орны құрылған, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зауыт іс жүзінде қалдықсыз өндірісті қамтамасыз ететін заманауи құралдармен жабдықталған: жүгеріні өңдеу тереңдігі 98%-ға жетеді.
Бірінші кезеңде кәсіпорын модификацияланған крахмал, глютен, сығынды, целлюлоза және басқа да өнім түрлерін шығарады. Толық қуатқа шыққан кезде ассортимент 28 атауға дейін кеңейеді, оның ішінде тереңірек қайта өңделген өнімдер – мальтодекстрин, меласса, сироптар және онымен байланысты салаларда сұранысқа ие басқа да өнімдер.
Кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету үшін Түркістан облысында жүгері егіс алқаптары кезең-кезеңімен ұлғайтылып, тамшылатып суару жүйелері енгізілуде. Бұл әсіресе су ресурстары шектеулі аймаққа қатысты. Сонымен қатар жүгері күрішпен салыстырғанда суды аз қажет ететін дақыл.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин атап өткендей, Қазақстан – астықтың дәстүрлі ірі өндірушісі және экспорттаушысы. Соңғы үш жылда дәнді дақылдың жылдық өнімі 24 млн тоннадан асады. Мұндай көлем ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге және экспорттық позицияларды сақтауға ғана емес, сонымен қатар ел ішінде астық өңдеуді арттыруға мүмкіндік береді.