Таразда түзеу мекемесіне есірткі алып кірмек болған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тараз қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің сарбаздары темір торға есірткі өткізу әрекетіне тосқауыл қойды. Оқиға №59 түзеу мекемесінің бақылау-өткізу пунктінде болған. Келушілерді тексеру кезінде аға нұсқаушы Нұрбахыт Есенгелдиевтің қарауындағы Зара қызметтік иті күдікті иісті сезген. Төрт аяқты сақшы ішінде есірткі оралған бумалары бар аяқ киімді нұсқап, нақты белгі береді. Әскери қызметшілер болған жағдай туралы кезекші бөлімге жедел баяндады. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Ұландық жауынгерлердің кәсібилігінің арқасында тыйым салынған заттарды өткізу әрекеті тоқтатылды. Күдікті ұсталып, мән-жайды одан әрі анықтау үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне берілді. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша тексеру жүргізілуде.