Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Қытайдың Guangdong Huaxintao Group Co., Ltd. компаниясы арасында тау-кен және металлургия өнеркәсібінің қатты минералды қалдықтарын экологиялық таза кәдеге жарату және қайта өңдеу жобасын жүзеге асыру бойынша бес жылдық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба аясында өндірістік қалдықтарды қайта өңдеп, пайдалы компоненттерді алу үшін заманауи технологияларды енгізу көзделген. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, Шығыс Қазақстан минералды ресурстарға бай өңір, сондықтан мұндай бастамалар экологиялық мәселелерді шешуге және орнықты «жасыл» экономиканы құруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Тараптар жобаны халықаралық стандарттар мен Қазақстан заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға келісті. Меморандумда жергілікті мамандарды басымдықпен жұмысқа алу, инфрақұрылымды дамыту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше көңіл бөлінген.
Қытайлық әріптестердің жабдықтары мен технологиялары қоршаған ортаға техногендік жүктемені азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.