Дархан Сатыбалды Алмалы ауданында көшпелі кеңес өткізіп, азаматтарды қабылдады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Апат пен жөндеу жұмыстарынан кейінгі қазылған жерлерді қалпына келтіру мәселесі өзекті болып отыр. Ауданда мұндай 325 учаске тіркелген. Дені «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, «Алматы Су» МКК және «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-не тиесілі.Ұзаққа созылған қалпына келтіру жұмыстары, көше жарығының жеткіліксіздігі, санитарлық тазалық мәселесі және «Халық қатысатын бюджет» аясындағы жобалардағы олқылықтар жан-жақты талқыланды. Әкім барлық жұмысты 1 қыркүйекке дейін, ал «АлЖЖ» ЖШС-на жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды, - делінген хабарламада.
«Мердігер ұйымдар да жауапкершілігін сезінуі керек, бюджеттен бөлінген қаржы мақсатты түрде жұмсалуға тиіс», — деді қала басшысы.
Әкімнің жеке қабылдауында тұрғындар құрылыс компанияларының қызметі, ТКШ және құқықтық тәртіпке қатысты мәселені қозғады. Әрбір өтінішке түсініктеме беріліп, тиісті шаралар белгіленіп, өтініштер бақылауға алынды.