Қазақстан полициясы күніне орай Қонаев қаласында өткен салтанатты іс-шара аясында Алматы облыстық Полиция департаментіне 40 жаңа қызметтік автокөлік берілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл — өңірде құқықтық тәртіпті нығайту мен құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын күшейту бағытындағы маңызды қадам.
Салтанатты рәсім Қонаев қаласының Орталық алаңында өтті. Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, полиция бөлімшелерінің басшыларына көлік кілттерін салтанатты түрде табыстады.
Облыс әкімінің айтуынша, автопарктің жаңартылуы полиция қызметінің тиімділігін арттырып, құқық қорғау органдарының мобильділігін, қылмыстарға жедел әрекет ету мүмкіндігін күшейтеді.
«Бұл – жай ғана техника емес. Бұл – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сенімді құралдар. Халықтың тыныштығы мен тәртібі осы көліктердің арқасында жаңа деңгейге көтеріледі», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Аталған көліктер Қонаев қаласы мен Еңбекшіқазақ, Іле, Талғар, Қарасай, Алатау, Жамбыл, Балқаш, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарының полиция бөлімдеріне бөлінді.
Мерекелік шара одан әрі Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Облыс әкімі өз сөзінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің қоғамдағы маңызды рөлін атап өтіп, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Полиция қызметкері – бұл тек мамандық емес, бұл – ел алдындағы жауапкершілік пен халық сенімінің символы. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау – олардың күнделікті жұмысы», – деді әкім.
Сұлтанғазиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 23 маусымда Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында айтқан сөзін еске салды:
«Заң үстемдігін қамтамасыз ету, қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – мемлекеттің басым бағыттары. Әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінуі керек».
Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, соңғы үш жылда Алматы облысында ішкі істер саласын дамытуға 51 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталып, 167 автокөлік, заманауи техникалар, планшеттер мен серверлік құрылғылар сатып алынған. Сондай-ақ, бейнебақылау жүйелері орнатылып, 20 шұғыл шақыру түймесін (SOS) іске қосу жоспарлануда.
Бүгінде облыс аумағында 51 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Бұл қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді.
Салтанатты жиын барысында қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Тәуелсіздік жылдары Алматы облысында 40 полицей қызметтік міндетін атқару барысында өмірімен қош айтысқан.