Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Тимур Артюхин: Еркіндікте жүгіру адамдарға ерекше шабыт сыйлайды

 

«Tengri Ultra» – Орта Азиядағы ең үлкен жүгіру жарысы.  Біздің елімізде 2015 жылдан бастап, дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оны отандық спортшылар бейресми түрде «Ұлы дала марафоны» деп те атап жүр. Аталмыш марафонның биылғы жаңалықтары мен экстремальды спорттың бүгінгі жай-күйі жөнінде «Экстремальды атлетика» компаниясының бас директоры Тимур Артюхинмен аз-кем әңгімелескен едік. 


- Тимур мырза, алғашқы сұрақты сіздің осы спорт түріне келген кезіңізден бастасақ...

- Менің жалпы спортқа қадам жасауым мектеп қабырғасынан басталды. Нақтырақ айтқанда, мектепте өтетін түрлі жарыстар мен спорттық шаралар қызығушылығымды оятты деуге болады. Тауда, табиғат аясында жүгіруді де сол уақыттан бастадым. Қазір оны «экстремальды жүгіру» деп айтып жүрміз. Ал, «Неге жүгірудің осы түрін таңдадыңыз?» деген сұрақ жиі қойылады. Экстремальды жүгіру – қиын әрі қызық. 


Тау-таста жүгіруді бастаған кезде, бұл спорттың түрімен айналысатын адамдардың өте аз екенін байқадым. Бұл шабытымды оятты. Сосын өзіме сұрақ қойдым. Неге осы спортқа адамдардың қызығушылығын оятпасқа? Себебі, еркіндікте жүгіру  адамдарға ерекше шабыт, табиғатпен үндестік сыйлайды. Ол – бөлек сезім. Мен осыны басқалармен бөлісуді мақсат еттім.


- «Tengri Ultra-2019» немесе «Ұлы дала марафоны» өткен жылғы марафондардан несімен ерекшеленді? Спортшылар қай елдерден келді және неше адам қатысты? 

- «Tengri Ultra-2019» өткен жылғыдан несімен ерекшеленеді дегенге ойланбастан қатысушылар санының артуын айтар едім. Жыл сайын бұл спорт түріне қызығушылар саны көбейіп келеді. Бұл әрине, біз үшін қуантарлық жайт. Биыл біздің жарыс үш күнге созылды және жаңа жүгіру түрлерімен толықты. Мәселен, итпен жүгіру және скандинавиялық жаяу жүру, сондай-ақ эстафета арқылы қашықтықты бағындыру секілді жаңа түрлері енгізілді. Эстафеталық жүгіру – екі адамның бір қашықтықты бөлісе отырып, бағындыруы. Сонымен бірге, өзгерістер қатарына уақыттық көрсеткішті енгізудің жаңа онлайн түрі қосылды.


Марафонға экстремальды жүгіруді таңдаудың екі себебі бар. Біріншісі, біз өзіміз сезініп жүрген ерекше сезімді басқалармен бөліскіміз келді. Екіншіден, жүгірудің бұл түрі адамның психологиялық және физикалық мүмкіндігіне сұранысты талап етеді. Сондықтан, бұлай жүгіру кез-келген адамға пайдалы деп ойлаймын.  


-  Алматыдан басқа қай қалаларда марафон ұйымдастырдыңыздар?

- Осы уақытқа дейін Бурабайда, Шымкентте және серіктестеріміздің бастамасымен Қарағандыда марафондар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, еліміздің бірқатар өңірлерінің таулы аймақтарында жүгірдік. Осы тұста ерекше айтып өткім келеді. Біз қай уақытта, қай өңірде марафон ұйымдастырсақ та, қуанатын бір нәрсе бар. Ол – қатысушылар санының  жыл сайын артуы. Демек, бұл – осы спортқа қызығушылар қатары көбеюде деген сөз. Осындай өзгерісті байқаған сайын түрлі шаралар ұйымдастыруға шабытымыз ашылады. Өйткені, біз жасап жатқан жұмыстар нәтижесіз емес.


- Осы спорт түрімен айналысуға ниетті жастарға нақты 5 кеңес ұсына аласыз ба?

- Қызығушылық танытатын жастарға айтарым, бастапқыда өте тез, өте көп жүгіруден аулақ болу керек. Барлығын мөлшерлеп дамытып отырған дұрыс. Сонымен бірге қашықтықты да ұзақтан бастамау керек. Екіншіден, жүгіру барысындағы жасалатын жұмысты 100 пайыз деп алдық делік. Ондағы 80 пайыз жұмыс төменгі импульсте, бірқалыпты жасалады. Ал, 20 пайызы жедел әрі жылдам жасалады. Сондықтан, ағзаға бірден көп күш салмауды қадағалаған жөн. Үшінші мәселеге келер болсақ, жүгіру барысында дұрыс киім таңдау қажет. Мәселен, тауда, таста және де сол секілді шалғай жерлерде ауа-райына қолайлы киім және ыңғайлы аяқ киім таңдау керек. Сондай-ақ, киім таңдауда сапасына көп мән берген дұрыс. Мәселен, «Tengri Ultra» секілді жүгіру марафондарында күн тым салқын немесе тым жылы болуы мүмкін. Сондықтан, сапалы киім үлгісін таңдау өте маңызды. Төртіншісі – стартты таңдау. Бұл жерде өз тәжірибеңіз бен қызығушылығыңыз алдыңғы кезекке шығады. Бесінші, түрлі марафондарға қатысудан қорықпау керек. Ол қатысушыға драйв пен адреналин береді. Жарысқа қатысу – шыңдалу, шабыт алу, жеңіске деген ұмтылыс. Себебі, спортшы жалғыз дамымайды.


- Марафон ұйымдастырғанда қатысушылардың қауіпсіздігіне қаншалықты мән бересіздер? Қалай қамтамасыз етіледі?

- Дұрыс айтасыз. Біз айналысып жүрген спорт түрі үшін қауіпсіздік ең маңызды дүние. Мысалы, біз шалғайда, табиғат аясында, тау-таста жүгіреміз. Марафон барысында біздің қауіпсіздігімізді құтқару қызметі қамтамасыз етеді. Оған қоса, әкімшілік қызметкерлері, жедел жәрдем және барлық жол бойында біздің еріктілер тұрады. Себебі, біздің еріктілер алғашқы көмек жағдайына оқу курстарынан өткен адамдар. 


Олардың арасында дәрігер мамандағын меңгергендері де бар. Тағы айта кететін жайт, жарыс ұйымдастыру барысында мобильді байланыс, рация қызметі және қашықтықты қатаң бақылауда ұстаймыз. Себебі, қатысушылардың қауіпсіздігі мен амандығы біз үшін өте маңызды.


- Тамыз айында өтетін «Irbis Race - 2019» экстремальды марафонына дайындық барысы қалай? Қай елдерден, қанша спортшы қатысады?

- Біз әрдайым қатысушылардың санына емес сапасына көп мән береміз. Мен жоғарыда айтып кеткендей, жыл өткен сайын қатысушылардың саны артып келеді. Алайда, біз сандық көрсеткішпен қоса сапаны арттыруға талпынамыз. «Irbis Race»-ке биыл 500-дей қатысушы келеді деп күтілуде. Себебі, бұл жүгірудің ауыр түрі және ол жоғары биіктікте өтеді. Мұнда қатысушылар саны көп емес. Ең бастысы «Irbis Race»-ке қатысатын әрбір қатысушыда біліктілігін дәлелдейтін арнайы білім болуы керек. Біз міндетті түрде оны талап етеміз және қадағалаймыз. Арнайы маманданған, осы жүгіру түрімен айналысатын, тәжірибелі спортшылар қатысады. Жиырмадан астам елден көптеген шетелдік спортшылар келеді.


- Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз...

- Жоспарлар әрине көп. Басты мақсат – экстремальды жүгіруді өз елімізде дамыту. Одан кейінгі орында республиканың ең керемет табиғи аймақтарында марафондар ұйымдастыру. Бұл қатысушылар үшін де, біз үшін де қызықты болмақ. Ол үшін алдымен еліміздің әр өңірінде өз орталығымызды ашып, осы салаға келушілер санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Шарын, Көлсай, Алтын-Емел секілді кең байтақ жеріміздің табиғаты әдемі, көркем жерлерінде жүгіріп өткіміз келеді.


- Сұхбатыңызға рахмет!


Сұхбаттасқан Назерке БАЙДІЛДА
Сурет: apartmanyenjoy.sk
скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады
Бүгін Димаш Құдайберген 30 жасқа толды
Димаш Құдайберген Ақтөбе облысының құтқарушыларына алғысын білдірді
Мультимедиа
Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті
Олжас Бектенов Президенттің Жаңаөзенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексеріп, ГӨЗ құрылысымен танысты
Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты
Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті
Мемлекет басшысы «Кәусар» оқушылар сарайын аралап көрді