Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Жастар жылы: Президент қандай тапсырмалар жүктеді


ҚазАқпарат -Қазақстанда Жастар жылы ресми түрде басталды. Негізі, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы қазан айындағы Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан еді.


Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. Осы орайда, бүгін Астанада ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты салтанатты шараға Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жас мамандар мен отбасыларды қолдауға қатысты бірқатар тапсырмаларды жүктеді.

Президент бүгінгі форум барысында өзекті мәселелер көтерілгенін айта келе: «Барлық ұсынылған идеялар жастар мен отбасын дамыту саласындағы арнайы Жол картасында көрініс табуы тиіс. Екі жылдан кейін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл дата жастардың патриоттық тәрбиесі үшін аса маңызды. Осыған байланысты Үкіметке еліміз үшін маңызды мерейтойға дайындық пен оны атап өту шаралары бойынша бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», - деді Н. Назарбаев.  

Жастарға арналған баспана 
Президент баспана проблемасының өзектілігін ескере отырып, қанша құрылыс жүргізілсе де, ірі қалаларда тұрғын үй жас отбасыларға жеткіліксіз болып отырғанын айтты.  

«Осы орайда тұрғындары миллионнан асқан үш қала бойынша тиісті тапсырма бермекпін. Атап айтқанда, халқы миллионнан асқан шаһарлар көбірек болғанын қалаймын, себебі осындай қалаларда білім беру, ғылым мен мәдениеттің даму қарқыны жоғары болады. Сарапшылардың айтуынша, әлемнің 600 ірі қаласы әлемдік өнімнің 60 пайызын өндіру көрсеткішіне жетеді. Бізде ірі шаһар ретінде Алматы ғана болған еді, енді Астана мен Шымкент те осы деңгейге жетті. Тағы да екі қала осындай межеге жету алдында тұр. Осы ірі қалаларда жылына 1 мыңнан кем емес пәтер жұмыс істейтін жастар үшін салатын боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке берген тапсырмасында.


Мемлекет басшысының атап өтуінше, осы пәтерлер арендалық баспана санатына жатқызылуы керек. Сонымен қатар, Президент бұл бағыттағы мәселені шешуге «7-20-25» бастамасы да бағытталғанын жеткізді.

«Осындай баспанаға жұмыс істейтіндер үміт арта алады. Жұмыс - ол әл-ауқаттың негізгі көзі. Сондықтан жас қызметкерлер үшін баспана жағдайын жасауға барлық меншік түріндегі кәсіпорындар белсенді түрде қатысуы қажет. Бұл тұрғыда біздің барша ірі компанияларға үндеу жасап отырмын», - деді Президент.

«Жас кәсіпкер» бағдарламасы 
Президент «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәжірибесі туралы айтып, «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

«Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет. Жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін- өзі жұмыспен қамтығандар санын 100 мыңға дейін жеткізген жөн», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Сондай-ақ, Елбасы  Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаражат көлемін екі есеге арттыруды жүктеді.  Осы арқылы үш жылда шамамен 300 мыңға жуық жастар бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығады. Олардың төрттен бірі немесе кем дегенде 80 мың адам өз кәсібін бастап кетеді.


Президент университеттің жоғарғы курстарында оқитын студенттерді де бизнеске баулуды ұсынды.

«Бітіруші курстарда, университеттің жоғары курстарында оқитын 60 мыңға жуық студентті бизнеске баулу қажет. Көптеген студенттер 4-5 курста бизнеспен айналыса алады. Түрлі компаниялар үздік студенттерді шақыра бастайды. Үкіметке бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2019-2021 жылдары  32 млрд теңге бөлуді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

Ауылға баратын жастар артады 
Елбасының сөзінше, жастардың стартаптарына қолдау көрсететін қорлардың қызметін ынталандыру маңызды міндет саналады.   Осы орайда Үкіметке Жастар стартаптарын қолдаудың қорын құру тапсырылды.

«Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керек. Осыған орай, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың тізімін кеңейтуді ұсынамын. Көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырған жөн.

Сондай-ақ, жастарды ауыл шаруашылығымен айналысуға қызықтыра білу қажет. Дамыған елдерде бұл бағыт жоғары өнімді әрі инновациялық салалардың бірі саналады.Онда цифрлық технологиялар мен роботтандырылған кешендер белсенді қолданылады», - деді Н. Назарбаев.

Мұнымен қоса, Мемлекет басшысы Үкіметке волонтерлікпен айналысатын ЖОО студенттерінің шәкіртақысын 30 пайызға арттыруды тапсырды.

Жас ғалымдар гранты 
Президент жас ғалымдарға өз идеясын шынайы жобаларға айналдыруда көмектесу керектігін қадап айтты.

«Өзім тура осы мәселемен айналысуды көздеп отырмын. Үкіметке осы жұмысты арнайы бақылауға кеңес беремін. Бұл процеске Назарбаев университеті де кіріседі. Осы мақсатта Үкіметке жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеуіне бөлінетін гранттық қаржыландыруды 3 млрд теңгеге арттыруды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы. 

Бұдан бөлек  Елбасы қашықтықтан оқыту жүйесін дамытуды тапсырды. «Қазақстан өзінің жастары үшін қажетті білім мен дағдыны беруі керек. Бұған қашықтықтан оқыту жақсы мүмкіндіктер береді. Мәселен, АҚШ-та жоғары оқу орындарда 20 млн студенттің үштен бірі онлайн форматында білім алады. Ал біз оған енді кірісіп жатырмыз. Сондықтан елімізде қашықтықтан оқыту саласын кеңейту қажет», - деді ол.

Осы орайда, Президент осындай мүмкіндіктерді қазақстандық жастар үшін Open University ұсына алатынын атады.

«Үкімет осы бастаманы қолдауы тиіс, бұл жобаны барлық ЖОО-ларда, колледждерде, жұмыс берушілер деңгейінде ілгерілету керек», - деді Елбасы. «

Жас маман» бағдарламасы болады 
Атап айтқанда, Үкімет «100/200» қағидасы бойынша «Жас маман» бағдарламасын әзірлейді. Үш жылда жоба еліміздің барлық өңірінде 200 мыңға тарта жас азаматтарымызды қамтуы тиіс. Оның аясында ең сұранысқа ие индустриалдық әрі сервистік 100 кәсіп бойынша жетілдірілген 200 оқу орны базасында мамандар даярланады.

Осы орайда Мемлекет басшысы әр өңірде бір университетті үздік ету керектігін атап өтті. Бұл тұрғыда бұл университеттер шетелдік білікті профессорларды шақыртуға қауқарлы болуы керек. Сонымен қатар, әр облыста заманауи технологиямен қамтамасыз етілген үздік 10 колледж қамтылуы қажеттігі айтылды. Яғни бұл шаралар 100/200 қағидасы арқылы іске асырылады. Жаңартылған оқу бағдарламасына, білікті оқытушылық құрамына назар аударылады. Осы жұмыстарға қажетті қаржы бөлініп, мамандарды оқыту бойынша қазіргі заманғы жабдықтар сатып алынады.

Әскери-патриоттық тәрбие 
«Бүгінде бүкіл еліміз бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды құрылыс жұмыстарына жастарымыз белсенді атсалысуы керек. Осы саладағы компаниялардың бәрі студенттік құрылыс отрядтары үшін арнайы квота бөлгені жөн.   Осыған байланысты, рухани орталығымыз - Түркістан қаласын көркейту үшін зор мүмкіндіктер ашылып отыр. Үкімет облыс әкімімен бірлесіп, бұл мәселені өз бақылауына алуға тиіс.  Сондай-ақ, былтыр өзім бастап берген «Жас сарбаз» қозғалысы негізінде әскери-патриоттық тәрбие беру ісін дамыту қажет. Үкіметке 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын», - деді Н. Назарбаев.

Осы орайда «Жас сарбаз» бастамасының үлгісімен еліміздегі волонтерлерді, әсіресе, әлеуметтік жобалар саласындағы еріктілерді біріктіру қажеттігі айтылды.

Мұнымен қоса, Президент қазір дүниежүзінде жастар туризмін дамытудың өзектілігі артып келе жатқанын тілге тиек етті. Бұл сала олардың өз еліне деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Әлемдік ішкі жалпы өнімдегі туризмнің үлесі - 10 процент.

«Жастар туризмі халқымыздың бірлігін сақтап, төл мәдениетімізді дамыту мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ, ішкі өңірлік байланыстарды нығайтуға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге септігін тигізеді.

Қазақстанда экологиялық, спорт-сауықтыру және экстремальды туризм орталықтары болуға лайықты жерлер көп. Осы айтылған бағыттарды дамыту үшін тиісті инфрақұрылымды жетілдіріп, жастардың туристік клубтарын жаңғырту керек», - деп нақтылады Елбасы. 

Бұдан бөлек, Білім және ғылым министрлігіне жоғары оқу орындарында волонтерлердің арнайы курстарын ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырылды. Себебі, жастардың бойында әлеуметтік жауапкершілік пен қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыру негізгі міндет саналады.


Фото: Zakon.kz
скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады
Бүгін Димаш Құдайберген 30 жасқа толды
Димаш Құдайберген Ақтөбе облысының құтқарушыларына алғысын білдірді
Мультимедиа
Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті
Олжас Бектенов Президенттің Жаңаөзенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексеріп, ГӨЗ құрылысымен танысты
Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты
Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті
Мемлекет басшысы «Кәусар» оқушылар сарайын аралап көрді