Шымкент қаласының экономикасы соңғы жылдары тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Мәселен, биыл қаңтар-сәуір айларында қала экономикасы 19,4 пайызға өсті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл көрсеткіш бойынша қала республика өңірлері арасында алғашқы үштікке кіріп отыр. Жалпы, 4 айдың қорытындысы бойынша қаланың барлық макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім байқалды. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 430,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,4 пайызға артты.Өңдеу өнеркәсібінде мұнай өнімдерін өндіру 50,2 пайызға, химия өнеркәсібі – 60,2 пайызға, металлургия өндірісі – 27,8 пайызға, машина жасау – 2,5 есеге, сусындар өндіру – 21,1 пайызға артты.Қалада қолданыстағы индустриялық аймақтар айтарлықтай жақсы нәтиже көрсетуде. Жұмыс істеп тұрған 7 аймақтағы 1 276 гектарлық өндірістік алаңда жалпы құны 338 млрд теңгені құрайтын 305 инвестициялық жоба іске асырылып, онда 9 мыңнан аса жұмыс орындары ашылған.
Биыл өңдеу өнеркәсібінде 22 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл 1200 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қалада ауыл шаруашылығы саласында 15,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл сектордағы өсім 3,1 пайызды құрады. Егер бағыттар бойынша талдар болсақ, мал шаруашылығы өнімі 3,8 пайызға артқан. Оның ішінде сүт өндірісі 13,7 пайызға, жұмыртқа өндірісі 22,3 пайызға артты. Биыл «НМИ-Юг» ЖШС-і қуаттылығы 90 мың тоннаны құрайтын қойма іске қосылып, онда 60 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Қалада шағын және орта кәсіпкерлік те қарқынды дамып келеді. Соңғы 5 жылда белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандары 2 есе көбейіп, 138 700-ге жетті.
Соңғы 3 жылда шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 41 пайыздан 52,6 пайызға дейін. Инвестиция көлемі 233 млрд теңгені құрап, 54 пайызға артты. Оның 70 пайызы жеке инвестиция есебінен. Инвестиция көлемінің өсімі бойынша Шымкент қаласы республика өңірлері арасында алдыңғы бестікке кірді.