Елорданың Ботаникалық саябағында әуесқой спортшылар арасында дәстүрлі Astana Run жарысының 2025 жылдағы алғашқы көктемгі жүгірісі ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары тек жүгіру дистанциясын бағындырып қана қоймай, «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, спорттық іс-шарадан кейін барлық қоқысты жинап кетті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Astana Run ZENGI BABA «Таза Қазақстан» акциясы мен салауатты өмір салтын насихаттауды тоғыстырған бірегей шара болды. Оған тек спортты қолдайтын ғана емес, қала тазалығы үшін де зор жауапкершілік сезінетін шын жанашырлар қатысты. Олар жүгірістен кейін шаршағанына қарамастан, саябақтағы қоқысты теріп, жүгіріс орнын тап-тұйнақтай етіп тазалап кетті.
2023 жылдан бастау алған Astana Run жүгірісінің басты ерекшелігі – 4 кезеңнен тұрып, жылдың әр мезгілінде өтеді. Бүгінгі шара – осы жылдағы бірінші көктемгі жүгіріс.
Жарыс барысында ересектер 5 шақырым қашықтық бойынша 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60 жастан жоғары санатта жеңімпаздарды анықтаса, 3-9 жас аралығындағы балалар 400 метр, 10-17 жастағы жасөспірімдер 1 шақырымға жүгірді.Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі «Astana Run Ойсылқара» жазғы жүгірісі тамыз айында өтпек.