«Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында елордадағы ботаникалық бақта ашық аспан астындағы йога сабағы өтті. Іс-шараны Есіл ауданы әкімдігі мен BI Group холдингі бірлесе ұйымдастырды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жаппай сауықтыруға негізделген йога сабақтарына әртүрлі жастағы 100-ден аса адам қатысты. Игілікті іс-шараға Үндістанның Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы Санджай Веди арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді. Ал жаттығуды йоганың кәсіби мамандары жүргізді.
Ерекше форматта өткен шараға ниет білдіргендердің қатарында астаналықтармен бірге қала қонақтарының да қатары қалың болды. Олардың арасында зейнеткерлермен қатар мектеп оқушылары да жаттығу жасап жатты.Астаналық тұрғын Ақбөбек Назенғалиева спорттық іс-шара жоғары деңгейде өтіп, табиғат аясында денені шынықтыруға тегін мүмкіндік берілгеніне ризашылығын білдірді. Іс-шара соңында еріктілер бақ аумағын тазартты. Айта кетейік, елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Осы апта «Мөлдір бұлақ» атауымен басталды.