Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарының алғашқы алтын медаль иегері анықталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Шорт-тректен 2000 метрге сырғанаудан аралас командалық эстафета қатысушылары Харбин қысқы Азия ойындарының алғашқы жүлдегерлері атанды.
Финалда Корея, Қытай, Жапония және Қазақстан құрамасы өнер көрсетті. Қазақстан құрамасы сапында Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Малика Ермек алаңға шықты.
Жарыс кезінде отандастарымыз шеберлік байқатып, үшінші орынды сақтады. Алайда, соңғы сәтте көш басындағы Қытай спортшысы жарыс жолынан шығып қалып, Корея командасы чемпион атанды. Ал Қазақстан құрамасы мәреге екінші болып жетті.
Қортынды нәтиже:1. Корея (2 минут 41.534 секунд)
2. Қазақстан (2 минут 42.258 секунд)
3. Жапония (2 минут 44.058 секунд)
4. Қытай (2 минут 59.057 секунд)
Сондай-ақ, Қазақстандық шорт-трекшілер бүгін ерлер мен әйелдер арасындағы 500 метр, 1000 метр және 1500 метрге сырғанаудан өнер көрсетеді.
Еске салсақ, кеше отандастарымыз ерлер және әйелдер арасындағы 1500 метр, 500 метр және 1000 метрге сырғанаудан келесі кезеңге сәтті өткен болатын.