Келер жылдары Қазақстанда мұнай өңдеу көлемі артады. Бұл туралы Парламент Мәжілістегі Үкімет сағатында мұнай саласын дамытуды талқылау кезінде ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
«Биылғы 10 айда мұнай өңдеу көлемі 15,1 млн тоннаны құрады. 2024 жылы мұнай өңдеу 17,9 млн тоннаға жеткізілмек. Ал 2032 жылға арналған жоспарда 28 млн тонна ескерілген», - деді А. Сәтқалиев.
Оның айтуынша, осы жылғы 10 айда елімізде мұнай өнімдерін өндіру 11,1 млн тоннаны құрады. Бұл ретте биылдың қорытындысы бойынша 14,5 млн тонна өндірілсе, 2032 жылғы жоспарда 23,7 млн тонна қамтылады.
Министрлік мәліметіне қарағанда, Шымкент мұнай өңдеу зауытында 2030 жылға қарай өндіріс қуатын екі есеге немесе 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін кеңейту жоспарланған. Зауыттың мұнаймен толтырылуын қамтамасыз ету үшін «Атырау – Кеңқияқ, Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбырлары кеңейтіледі.
Павлодар мұнай өңдеу зауытында 2026 жылға дейін қосымша 500 мың қысқы дизель отынын өндіру жобаларын жүзеге асыру ескерілген. Бірінші кезеңде бұл бастапқы мұнай өңдеу қуатын жылына 6 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жылына 8 млн тоннаға дейін мұнай өңдейтін Павлодар мұнай-химия зауытын кеңейтудің екінші кезеңі басталып жатыр. Осы жылдың соңына дейін алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеушіні таңдау жоспарланған.
Атырау мұнай өңдеу зауытында 2028 жылға дейін мұнайды қайта өңдеу қуатын жылына 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін ұлғайту арқылы ашық түсті мұнай өнімдерінің өндірісін 66 пайыздан 77 пайызға дейін арттыру шаралары қабылданбақ.
Бұл қадамдар 2035 жылға дейін бензинге, авиациялық және дизельдік отынға деген нарық сұранысын толық жабуға және артық жанар-жағармайды экспорттауға мүмкіндік береді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2024 жылы шамамен 88,4 млн тонна мұнай өндірілсе, 68,8 млн тоннасы экспортталады.
2026 жылдан Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 100 млн тоннадан асады.