Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев мұның себебін мұнай өндіретін ірі кәсіпорындардағы жөндеу жұмыстарымен байланыстырады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, Сатқалиев былтыр 15 тамызда 2023 жылға мұнай өндірісі бойынша болжам 89,4 млн тоннаға дейін қысқартылғанын хабарлаған еді. 2022 жылдың соңында бұл болжам 90 млн тоннадан асқан.
– Шынында да, әуелі 92,3 млн тонна мұнай өндіреміз деп көздеген едік. Десе де, жыл соңындағы көрсеткіш бойынша 90 млн тонна болып тұр. Мұның себебі ірі мұнай өндіретін кәсіпорындардағы жөндеу жұмыстарына байланысты болды. Жөндеу жұмыстары уақытты алды. Құрылғыларды ауыстыру қажеттігі туындады, – дейді ол.
Сатқалиевтің айтуынша, ОПЕК+ шеңберінде мемлекеттер мұнай өндірісін азайтуға келісуі де жоспардың орындалуына кедергі болған.
– Біздің мұнай-газ саласында проблема жоқ. Көлем қарқыны артып, ұңғымаларды қазу жұмыстары да жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Өндірілген мұнайдың 18 млн тоннасы ішкі нарықтың қажетіне жараса, негізгі мөлшер экспортқа кетеді. Оның ішінде 56 млн тонна мұнай Каспий құбыры концорциумы арқылы жөнелтілді, - дейді ол.
Мұнай тасымалы бағдары қалай өзгеріп жатыр
Жалпы 2023 жылы қазақстандық мұнайды Ақтау портынан экспортқа тасымалдау көлемі 3 млн 376 мың тоннаны құрады. Бұл - 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 млн 108 мың тоннаға артық.
Ақтау портынан қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдау көлемінің ұлғаюы "Баку – Тбилиси – Джейхан" мұнай құбыры бағытында жөнелтілетін шикізат көлемінің 250 мың тоннадан 1 млн 392 мың тоннаға дейін өсуіне байланысты, дейді мамандар. Бұл – 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5 есеге көп. Атап айтқанда, тек Теңіз кен орнынан осы бағыт бойынша 1 млн 057 мың тонна мұнай жөнелтіліпті.
Сондай-ақ, жыл қорытындысы бойынша Ақтау портынан Махачкала портының бағыты бойынша 1 млн 984 мың тонна мұнай жөнелтілген. Қазақстан осы бағыт арқылы Ресейдегі бағытқа балама іздейді.