Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында елімізде тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды. Мемлекет басшысының биыл 1 млн-ға жуық қазақстандықты жұмысқа орналастыру жөніндегі міндетінің орындалуы туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бекітілген Өңірлік жұмыспен қамту карталарына сәйкес 2024 жылы 948 мың қазақстандықты жұмысқа орналастыру көзделген. Бүгінгі таңда 353 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды, бұл жалпы көрсеткіштің 37%-ын құрайды. Оның ішінде 148 мыңы – жастар. Осылайша, жыл басынан бері мемлекет субсидиялайтын орындарға 137 мың жұмыссыз адам жұмысқа орналастырылды. 97 мыңнан астам азамат Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың адамға шаққанда 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында, 103 мыңнан астам адам жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған бос жұмыс орындарына, ал 16 мыңға жуығы ұлттық жобалар аясында іске асырылып жатқан бағдарламаларға жіберілуде.
Өңірлер бөлінісінде Абай (53%), СҚО (47%), Қызылорда (45%) және Жамбыл (45%) облыстарында оң динамика байқалады. Көзделген жоспарларды орындаудың ең төмен көрсеткіштері Ақтөбе облысында (30%) және Алматы қаласында (30%) тіркелген. Премьер-Министр Олжас Бектенов өңірлер әкімдіктерінің осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Үкімет басшысы өзекті проблемаларды шешу мақсатында өткен жылы «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған» тұжырымдамасы бекітілгенін атап өтті. Қабылданған құжат шеңберінде, әсіресе, жас мамандар үшін тұрақты жұмыс орындарын көбірек құру көзделген. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектерінің 25%-ға жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жаңа жұмыс күші қажет барлық жобаларды қадағалай отырып, жұмыс берушілермен жұмыспен қамтудың цифрлық мониторингі арқылы өзара іс-қимылды жолға қою маңызды.
Отырыс барысында қазақстандықтарды шетелде жұмысқа орналастыру және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Оларға жалақы төлемеу, медициналық қызмет көрсетпеу, келісімшарттар өрескел бұзылған фактілер бізге белгілі. Сондықтан қазір тиісті үкіметаралық келісімдерді бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазірдің өзінде шет елдерде біздің азаматтарды жұмысқа орналастыратын жеке агенттіктердің қызметін бір жүйеге келтіру қажет. Қазақстандықтар келісімшарт бойынша сенімді кепілдік алуға тиіс», — деді Премьер-Министр.
Аталған жұмыс шеңберінде Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында Кәсіптік және тілдік даярлау орталықтарын ашу жоспарланған. Өңірлердің тәжірибесі алдағы уақытта сапалы жұмыспен қамтуға және халықтың табысын арттыруға ықпал ететін болады. Жалпы, халықты жұмыспен қамту жөніндегі шараларды іске асыру 2029 жылға қарай 3,8 млн сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.