“Қарасора” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы құрамында есірткі бар өсімдіктер өсетін кезде өткізіледі. Бірінші маусымнан бері полицейлер күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр. Олар жабайы қарасора өсетін жерлерді, отырғызылған плантацияларды анықтайды. Бұл іс-шараларға ІІМ, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігінің арнайы бөліністері жұмылдырылған, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Заңсыз есірткі плантациялары шалғай жерлерде өсірілетінін ескере отырып, оларды анықтау мақсатында “Қазақстан Ғарыш Сапары” АҚ мүмкіндіктері пайдаланылады.
– Құқық қорғау органдарының каннабис тобындағы есірткіге деген мұндай назары жалпы ауданы 63 мың га құрайтын Шу алқабымен ғана байланысты емес. Қазіргі уақытта басқа да оңтүстік облыстарда криминалитет өкілдері өнеркәсіптік ауқымда үнді қарасорасын өсіруге тырысуда. Мұндай қарасора болашақта іргелес мемлекеттерге тасымалдануы мүмкін. Сондықтан ұшу аппараттарының көмегімен де, жаяу патрульдердің көмегімен де шалғайдағы аумақтарға барлау жүргізіп жатырмыз, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Қажығали Имажанов.
“Қарасора” жедел-профилактикалық шарасын өткізудің 10 күнінде республика аумағында 45 есірткі қылмысы анықталды. Оның ішінде 8 есірткі өткізу фактісі, 9 аса ірі мөлшерде сақтау фактісі, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруді ұйымдастырудың 18 жағдайы, 9 контрабанда фактісі және есірткіні заңсыз насихаттаудың бір фактісі бар.
Заңсыз айналымнан 114 кг есірткі тәркіленді. Оның 6 келіден астамы синтетика.
Жақында ғана Жетісу облысында 30 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Оның жазғы ас үйінде диванның астынан қызметтік ит бес пакет гашиш тапты. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 4,5 кг құрады.
Петропавлда автокөлікті жоспарлы тексеру кезінде қала тұрғыны ұсталды, оның көлігінде 2 келіден астам гашиш пен травматикалық тапанша тәркіленді.
“Қарасора” арнайы операциясы жалғасып жатыр.