Есіл ауданының аумағында 5 қалалық саябақ, 38 гүлзар, 2 желекжол және ботаникалық бақ орналасқан. Жыл басынан бері iKomek қалалық орталығына тұрғындардан оларды абаттандыру бойынша 5 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Елордада қоғамдық кеңістікті, оның ішінде саябақтар мен скверлерді абаттандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте қала тұрғындарының тілектері мен ұсыныстары міндетті түрде ескеріледі.
Орталық саябақты қайта құру 7 жыл бұрын жүргізілген, сондықтан қазір плиталар мен төсемдер ауыстырылып жатыр. Тұрғындардың өтініші бойынша «Серуен» көпірінің астына тротуар салынуда.
Биыл қаланың сол жағалауында орналасқан Ботаникалық баққа ағаш, бұта мен гүлдің 20 мың түрі отырғызылды. Ботаникалық бақтың бас агрономы Анар Мұхамбетова өсімдіктерге қалай күтім жасалатынын айтып берді.
«Мұнда негізінен сәндік гүлдер, бұталар мен жапырақты өсімдіктер өседі. Биыл көптеген қарағай, сібір шыршалары отырғызылды. Көп жұмыс жүргізілді, өсімдіктерді отырғызу алдында біз топырақты ауыстырамыз, зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жүргіземіз. Суару жүйесі түнгі 11-ден таңертеңге дейін жұмыс істейді. Әр учаскенің өз кураторлары, аға және кіші ғылыми қызметкерлері өсімдік дамуының этимологиясын зерттейді. Біз олардың ұсыныстарын орындаймыз, өсімдіктерге күтім жасаймыз және агротехнология ережелерін ұстанамыз», - деді агроном.
Оның айтуынша, биыл Ботаникалық бақта ғылыми мақсаттар үшін үш мыңға жуық раушан мен 2 500-ден астам хризантема отырғызылады.
Бақша аумағындағы тоғанның айналасында емен, қайың және қызыл үйеңкі өсетін аллея құру жоспарланып отыр. Қабанбай батыр даңғылы жағынан жақында жаңа аллея ашылды.
«Бізде Қазақстан аумағында сирек кездесетін Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді табуға болады. Қала тұрғындарының осы сұлулықтан ләззат алғанын қалаймын. Бірақ кейбір адамдар өсімдіктерді зақымдап, қазып алып жатады, сондықтан біз учаскелерді қоршап алған дұрыс деп ойлаймыз»,- деп атап өтті Анар Мұхамбетова.