
Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің аулалары мен көшелерде санитарлық тазалық жұмыстары мен көріктендіру, абаттандыру шаралары, шөп ору, ағаштарды әктеу, қоршаулар мен орындықтарды сырлау жұмыстары қызу жүруде. Одан бөлек, 3,3 шақырым ирригациялық арық жүйесі, 9,7 шақырым жол жиектері тазартылса, 130 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Бұл жұмыстарға 9500-ден аса қала тұрғындары мен 112 техника жұмылдырылды.

Ал, «Жасыл аймақ» апталығы аясында ұйымдастырылған сенбілікке жас экологтардың қосқан үлесі де зор болды. Жасыл желек қатарын көбейтуге атсалысқан жас экологтарға қала тұрғындары да көмектесіп, ағаш көшеттерін отырғызу және ақтау жұмыстарын жүргізді.
Игілікті бұл іс шарадан мектеп оқушылары да қалыс қалған жоқ. Белсенділер мектеп аулаларын абаттандырып, гүлдер отырғызды.

Шымкент –шырайлы қала. Ал оның сәулеті мен көркін ажарландыра түсуге экологиялық акцияның тигізіп жатқан әсері тіпті зор. Қаланың әрбір көшесі мен аулалары тазалықтың талабына сай жарқырай түсуде.
Жалпы тазалық акциясының белсенділікпен өтуіне Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқармалар барынша көңіл бөлумен қатар өздері де қызу жұмылуда.
Тазалық—денсаулық кепілі. Ал денсаулық – әр адамның өмірінің байлығы. Осы қағиданы тек науқандық шараға ғана айналдырмай, біздің күнделікті тіршілігіміздің тынысы мен міндеті санай білсек, «Таза Қазақстанның» бейнесі де әрқашан жарық та жарқын болатыны сөзсіз.