Оралда санитарлық-экологиялық айлық аясындағы жалпықалалық сенбіліктер басталды. Қала тұрғындары сенбілік жұмыстарына белсенді қатысуда. Сенбілікке қатысушылар арасында барлық мекеме қызметкерлері, студенттер, қоғам белсенділері де бар. Аталмыш жалпықалалық сенбілік 25 қыркүйек пен 25 қазан аралығында Орал қаласында ұйымдастырылған санитарлық-экологиялық айлық аясында жүргізілетін болады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Сенбілік кезінде қала көшелерімен қатар, тынымбақтарда да тазалық жұмыстары жүргізілуде. Жасыл қаламыз Орал қаласы аумағын санитарлық тазалау, өңіріміздің табиғатын өз қалпында сақтау мақсатында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікте бірқатар аумақтар тазартылды. Сенбілікке қала бойынша жалпы саны 2000-нан аса адам қатысты. Жұмысқа барлығы 15 техника жұмылдырылып, қала аумағынан 100-ден аса текше метр күл-қоқыс шығарылды.
Сенбілік жұмыстарына Круглоозерный кентінің тұрғындары да белсене қатысуда. Аталмыш айлық аясында сенбілік жұмыстарына аталған кенттің мекеме-ұйымдарынан 120-дан астам адам қатысты. Олар «Орал» конструкциясы маңы мен мекемелердің территорияларын, іргелес аумақтарды тазалады. Жұмыс нәтижесі бойынша жалпы 11 тонна қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды.
Жалпықалалық сенбілік аясында «Жайық таза қала» ЖШС қызметкерлері де қызу жұмысқа атсалысуда. Олар қала көшелерін сынған ағаштар, күл-қоқыстардан тазалап, жалпықалалық сенбілікке өз үлестерін қосуда.
Аталмыш шарадан студенттер де қалыспай, шаһарымыздың гүлденуіне атсалысып отыр. Жалпы саны 500-ге жуық студент сенбілікке белсене қатысып, бірнеше көше бойын тазалады. Атап айтсақ, Зашаған кенті аумағындағы Жәңгір хан, Айтқұлов көшелері, Саратов тас жолы, Деркөл-Зашаған айналма трассасы бойын қоқыстардан тазалап, қала тазалығына үлес қосып, өз көмектерін тигізді.
Санитарлық тазалық сақтау мақсатында сенбілік жүргізу қажеттігі жөнінде кіші және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 300 дана хабарлама таратылды. Мұндай сенбіліктер бір ай бойы жалғасын табатын болады. Орал қаласының әкімдігі қала тұрғындарын өздеріне тиесілі үйдің ауласы мен аумағын тазалауға, жалпықалалық сенбілікке белсенді атсалысуға шақырады.