Петропавлда биыл тыныштықты бұзудың 2 мыңнан астам дерегі тіркелді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
2023 жылы Петропавл қаласында түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 2104 фактісі тіркелді. “102” арнасына келіп түсетін шақыртулардың басым бөлігі пәтерлерді жалға алатын адамдардың кінәсінен туындайды. Осындай жағдайларға, сондай-ақ отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы хабарламаларға жедел түрде ден қою үшін Петропавлда патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен бірге учаскелік полиция инспекторлары да түнгі кезекшілікке шығады. Әдетте демалыс күндері қоңыраулар саны артады, кейде бір түнде 10-12 факті бойынша шаралар қабылдайды.
Петропавлдағы ең шулы пәтерлердің екеуі Интернациональная көшесінде болса, біреуі Жұмабаев көшесінде орналасқан. Бір жыл ішінде аталған пәтерлердің көршілері полицияға 7-8 рет шағым түсірген. Жалдап тұрған мазасыз тұрғындар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, пәтерден шығарылған.
– Учаскелік полиция инспекторлары пәтерлердің иелерімен тиісті жұмыстар жүргізеді, оларға әкімшілік құқық бұзушылықтардың жасалуына себеп болатын жағдайлар мен шарттарды жою туралы ұсыныстар жіберілді. Облыс орталығында осындай ұсыныстарды елемеген пәтер бюроларының бірінің әкімшілігі жауапкершілікке тартылды. Естеріңізге сала кетейік, жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы сағат 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы сағат 10:00-ге дейін тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Айналаңыздағы басқа азаматтардың тыныштығын құрметтеңіздер, – дейді Петропавл қ. ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Айдын Ақмағамбетов.