Шымкент қаласы бойынша 8000-ға жуық мүгедектігі бар бала есепте тұрады. Оларды емдік-оңалту шараларымен қамту мақсатында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары жұмыс істеуде.
Тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар 18 жасқа дейінгі балаларға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсететін орталықтардың бірі - «Аялы алақан» №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева ерекше балаларға арналған орталыққа барып, жағдайларымен танысты. Басқарма басшысы аралау барысында орталықтың ұжымымен сөйлесіп, өтініш-тілектерін тыңдады.
«Аялы алақан» оңалту орталығында бүгінгі таңда 116 бала ем қабылдауда. Орталықта әлеуметтік, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, және құқықтық қызмет түрлері көрсетіледі. Дәрігерлер мен әлеуметтік сала қызметкерлері орталықта аптасына 5 күн таңертеңнен кешке дейінгі уақытта түрлі емдік оңалту шараларын көрсетеді. Ғимарат сондай-ақ ЛФК, монтесори кабинеті, тұз шахтасы және толығымен бейнебақылау камераларымен қамтылған. Балалардың ерекшелігіне сәйкес арнайы спорт алаңшасы да бар.
Осы тұста айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын үкіметтік емес ұйымдар, Парламент қолдауымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданған болатын. Қазіргі уақытта министрлік үкіметтік емес ұйымдармен, түзету кабинеттерінің педагогтарымен бірлесіп, Мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларының жобасы бойынша жұмыс жүргізіп келеді.
Мемлекеттік тапсырысты енгізу бюджеттің күрделі шығыстарынсыз балаларды уақытылы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтуды ұлғайтуға және балалардың мектеп жасына қарай мүгедектігін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл бала үшін де, ата-ана үшін де үлкен қолдау екені белгілі.
18-12-2023, 01:02
"Аялы алақан" арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 100-ден астам бала ем қабылдауда
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз