Сондықтан қарттар үйін аралап, қызмет алушылардың жай-күйімен танысқан Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева әлеуметтік қызметкерлермен қатар дәрігерлердің қызметіне де ерекше назар аударды. Әсіресе медициналық қызметкерлерге қатаң талап қойылып отыр.
"Бұл жерде қызмет алып жатқан әр азамат сіздерге аманат. Әрине, еңбектеріңіз оңай емес. Алайда сіздерге сауапты да игі істі атқару бұйырып отыр. Өз ата-аналарыңызға қамқорлық жасағандай қарасаңыздар екен деймін. Өйткені, қызмет алушыларға дұрыс жағдай жасалынбаса, атқарылып жатқан істің барлығы бекер",-деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.
Қарттар үйінде қариялардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған тұрмыстық, медициналық, психологиялық сынды бірқатар әлеуметтік қызмет түрлері көрсетілуде. Қызмет алушыларға емдік-оңалту шаралары көрсетіліп, фито -шәй беріледі. Медициналық бекет қажетті дәрі-дәрмектермен қамтылған. Дәрігерлердің нұсқаулығымен қариялар сондай-ақ ауруханаға жатқызылып, стационарлық ем қабылдайды. Тіпті жуырда ота жасалынған екі қария қазіргі таңда осы орталықта мамандардың бақылауында отыр.Айта кетейік, қала аумағында орналасқан қарттар үйі кезінде Түркістан облысының балансында қалған болатын. Жаңадан ашылған №10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан қазіргі таңда 40-қа жуық қария, оның ішінде, ерекше күтімді қажет ететін 5 мүгедектігі бар қарт пана тапқан.
50 адамға арналған толық стационарлы мекемеде қарттарға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, экономикалық, құқықтық, мәдени және еңбек терапиясы сынды 7 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі. Қазыналы қарттар қартайған шағында тағдырдың түрлі тауқыметімен орталықты паналауға мәжбүр. Оларға жан-жақты қолдау көрсетіп, көңілдерін аулау үшін жергілікті мәдениет саласының майталмандары еріктілермен бірлесіп түрлі концерттік бағдарламалар да ұйымдастырып отырады.Мемлекет қамқорлығын сезінген қазыналы қарттарымыз қашанда ақ батасын беріп, емен-жарқын әңгіме -дүкен құруға ашық. Бастысы- сала мамандарының нақты бақылауында.