Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіру дерегі бойынша "Гастро-орталық" директоры уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы 12 қарашада Астана полиция департаменті өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Астана қаласының Полиция департаменті елордадағы мейрамханалардың бірінде ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша әйелді өлтіру дерегі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Осы қылмысты жасады деген күдікті қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Қазір тергеу органдары, оқиғаның барлық мән-жайы және нақты адамдардың кінәсін анықтауға бағытталған қажетті іс-шараларды орындап жатыр.
"Тергеу барысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 432-бабы (қылмысты жасыру) бойынша қылмыстық іс жеке тіркелді, оның шеңберінде "Гастро-орталық" директоры күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) 119-бабы 3-бөлігі (қауіп-қатерде қалдыру) бойынша қылмыстық істер тіркелді.
Тергеуді Астана қаласының Полиция департаменті тергеу басқармасы жүргізеді және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі басшылығының бақылауында болады.
Еске салайық, 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйел алған жарақатынан көз жұмған. Болжам бойынша, әңгіме экс-министрдің әйелі туралы. Бишімбаевтың ұсталғаны туралы хабарламамен қатар Астана полициясы ер адамның ұсталғаны туралы пікір білдірді. Бірақ оның аты-жөнін нақтыламады.
Сондай-ақ, сағат 19:54-те астаналық жедел медициналық қызмет көрсету станциясы пультіне қоңырау түскен. Жедел жәрдем бригадасы жеткенде 1992 жылы туған әйелдің қаза болғаны расталды. Кейін марқұмның 31 жастағы Салтанат Нүкенова екені белгілі болды. Ол - Қуандық Бишімбаевтың әйелі.
13 қарашада Қуандық Бишімбаевқа қатысты екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданғаны белгілі болды.