Медиа порталдың жазуынша, Ақтөбе облысының полиция департаменті 26 қазанда Ақтөбе қаласындағы түнгі клубтардың бірінде екі адамды өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда. Бұл іс бойынша күдіктілердің барлығы ұсталып, соттың қаулысымен қамауға алынған.
"Қылмысты жасады деген күдікпен барлығы 13 адам ұсталды. Ұсталғандардың басқа қылмыстарға да қатыстылығы тексерілуде. Сонымен қатар, ауыр қылмыстың жасалғаны туралы айтпағаны және уақытылы медициналық көмек көрсету шараларын қабылдамағаны үшін осы түнгі клубтың директоры ұсталды. Бұл клубтың лицензиясының күшін жою және оны жабу туралы сотқа талап арыз берілді", – делінген Ақтөбе облысының полиция департаменті хабарламасында.
Сонымен қатар ведомсто қылмыстық істі тергеп-тексеру аясында алдағы уақытта облыстық полиция департаментінің бастамасымен барлық көңіл көтеру орындары тексерілетінін атап өтті. Бұл ретте құзыр орган түнгі клубта азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін талаптардың сақталуына, лицензиясы бар күзет субъектілерінің тартылуына назар аударатынын жеткізді. Еске салайық, бұған дейін 26 қазан күні Ақтөбедегі Елек өзенінің жағасынан екі адамның денесі табылғаны және оларды қинап өлтіргенін дәлелдейтін белгі бары хабарланған еді.