Теміртаулық киберпол қызметкерлері зейнеткерден қомақты ақша алған екі “курьерді” ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
15 тамыз күні Теміртау қалалық полиция басқармасына қарасты Ескіқалалық полиция бөліміне 73 жастағы қала тұрғыны хабарласты. Жәбірленшінің айтуынша, оған белгісіз біреу полиция қызметкерімін деп хабарласып, оның қызы жол-көлік оқиғасына кінәлі екенін жеткізген. Тұтқаның арғы жағындағы азамат 73 жастағы зейнеткерге қызын жауапкершілікке тартпау үшін ақша береу керектігін, ол ақшаны беру үшін ешқайда барып қажеті жоқтығын “курьер” келіп, әкететінін айтқан.
Арада уақыт өткенде жәбірленуші курьерге 2,3 млн теңге, 4400 АҚШ долларын, 7 мың евро және 220 мың рубль ақшасын берген.
Полиция қызметкерлерімен күдіктілерді анықтау үшін ауқымды іс-шаралар жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 18 тамыз күні Қарағанды қаласындағы сауда үйлерінің бірінде орналасқан банк терминалдарының жанынан 21 жастағы күдікті ұсталды. Сондай-ақ полиция қызметкерлерімен жалдамалы пәтерлердің бірінен оның 23 жастағы серіктесі ұсталды. Пәтерге жүргізілген тінту жұмыстары барысында 370 мың теңге, 3700 АҚШ доллары, 6 мың евро және 102 мың рубль тәркіленді.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлерімен күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.