Петропавл полицейлері зейнеткерден 5,7 млн теңге алып кеткен дропперді ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Петропавл қаласы полиция басқармасының екінші полиция бөліміне облыс орталығының 71 жастағы тұрғыны арызданып, оның үйінде белгісіз қылмыскер ірі сомадағы ақшаны иемденіп алғаны туралы хабарлаған. Келтірілген шығын 5,7 млн теңгеден асады.
Криминалдық полиция қызметкерлері облыстағы колледждердің бірінің 16 жастағы студентін “ізін суытпай” ұстады. Ол алған ақшаны ешқайда жіберіп үлгермеген.
Анықталғандай, бұл күні зейнеткердің үй телефонына әлдебіреу қоңырау шалған. Оның туыстарының бірі жол-көлік оқиғасына ұшырап, адамдар зардап шеккенін айтқан. Іс қозғамас үшін ірі көлемдегі ақша талап етіпті. 71 жастағы зейнеткер абдырап, қолында 13 мың АҚШ доллары бар екенін айтқан. Көп ұзамай ақшаны алып кетуге қылмысты ұйымдастыруға қатысы жоқ, тек алаяқтардың айтқанын орындауға келген дроппер барған. Алайда, оны жедел уәкілдер анықтап ұстады.
Осы дерек ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу жүрігізіліп жатыр.
– Полицияға уақытылы хабарласу қылмысты “ізін суытпай” ашуға көмектеседі. Полиция қызметкерлері байланыссыз алаяқтықтың алдын алу бойынша іс-шараларды үнемі жүргізіп тұрады. Бірақ осындай фактілер аға буынның арасында болады. Мұндай жағдайларда азаматтарды сабыр сақтап, қаржылық операциялар жасаған кезде асығыс шешім қабылдамауға шақырамыз. Егер осы сияқты фактілер болса, бірден полицияға хабарлау керек, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Еңбек Сембин.