2023 жылғы 26 шілдеде Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен жедел кеңесте Қазақстанның жекелеген өңірлеріндегі қалыптан тыс ыстық пен жауын-шашынның аздығына байланысты орнаған ахуалдың ауқымы мен мемлекеттік қолдаудың ықтимал шаралары талқыланды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
«Бәйтерек» холдингі, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға несие төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастырады. Сондай-ақ биылдан бастап алғаш рет мал азығын жинауға жеңілдетілген бағамен дизель отынының қосымша көлемі бөлінетін болды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 119 мың гектар көкөніс дақылдары алқабының 70%-ға жуығы жақсы, ал, 14,4%-ы немесе 24,5 мың гектары қанағаттанарлық жағдайда. Барлық дәнді дақылдардың 8,3 млн гектары жақсы жағдайда, бұл барлық ауылшаруашылық дақылдарының 50,2%-ы, ал 7,2 млн гектары, яғни, 43,7%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Майлы дақылдар сәл көбірек зардап шекті, жақсы жағдайдағылары 43,6% немесе 1,4 млн га, қанағаттанарлығы – 47,7% немесе 1,5 млн га.
«Бүгінгі таңда егін жинау науқанына уақтылы дайындық жасап және мал азығын дер кезінде әзірлеу басты міндет. Әкімдіктердің жедел деректері бойынша, қазірдің өзінде 8 млн тоннаға жуық шөп дайындалды, бұл жоспардың 32%-ын құрайды. Өңірлер 2023 жылы жем-шөп құнын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, Азық-түлік корпорациясы 235,2 мың тонна астықтың жем-шөп қорын қалыптастырды. Қажет болған жағдайда бұл астық мал және құс шаруашылықтарына арзандатылған бағамен қолдау ретінде жіберіледі. Биылдан бастап алғаш рет жем-шөп жинау жұмыстарына жеңілдетілген бағамен дизельдік отынының қосымша көлемі бөлінетін болды», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі 2022-2025 жылдарға арналған жем-шөп өндіру саласын дамыту жөніндегі жол картасын орындалу деңгейінің төмендігін атап өтті.
«Әкімдіктер ауыспалы егістегі жемшөп дақылдарының үлесін кеңейту бойынша, бірінші кезекте суармалы жерлерде, жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыру үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдаланбай отыр», — деді ол.
Ауыл шаруашылығындағы тәуекелдерді, соның ішінде құрғақшылықтың салдарын жою құралдарының бірі – егін мен ауыл шаруашылығы жануарларын сақтандыру. Ол мақсатта сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігі субсидияланатын өсімдік және мал шаруашылығында 16 сақтандыру өнімі жұмыс істейді. Өткен жылы Сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау қағидаларына түзетулер енгізілді, соған сәйкес сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау нормативі 50%-дан 80%-ға дейін өсті.
Дегенмен, Қазақстанның басым бөлігінде климаттың болжамсыздығына қарамастан, фермерлер сақтандыру құралын аз пайдаланады. Биыл барлығы 258,2 мың га дәнді және майлы дақылдар, 152 мың бау-бақша ағаштары, 5,4 мың мал (ірі қара, ұсақ мал, жылқы), 428,2 мың құс сақтандырылды. Сақтандыру сыйлықақысы 1,6 млрд теңгені құрады, оның 1,3 млрд теңгесі субсидияланды. Сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялауға республикалық бюджеттен бөлінген 5,9 млрд теңге қаражаттың тек 2,4 млрд теңгесі ғана игерілді.
Кеңесте қалыптан тыс аптап ыстықтың жағымсыз салдары басым болып отырған Павлодар, Ақмола, Қарағанды және басқа да облыстардың әкімдері тыңдалды. Өңір басшылары өз салаларындағы ахуалды айтып, оны тұрақтандыру жөнінде ұсыныстар жасады.
«Жем-шөп дайындау деңгейі өте төмен, жылдық жоспар 25 млн тонна болса, бар болғаны 8 млн тонна жиналды. Пішендеме дайындау – жоспардың 12%, сабан – 4,3%. Қыркүйек айында сабан, сүрлем және концентрлі жемді негізгі жинау жұмыстары басталатыны анық, ал қалғандары үшін бұл өте төмен көрсеткіш. Өңірлерде мал азығын дайындау қарқынын арттырып, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жем-шөп бағасын тұрақты бақылауды тапсырамын. Сонымен қатар, кейбір аймақтардағы құрғақшылықтың ықтимал әсерін ескере отырып, фермерлер несие төлемдерін кейінге қалдыруға өтініш бере бастауы мүмкін. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Қазагроқаржы» АҚ зардап шеккен шаруаларға несие төлеу мерзімін кейінге қалдыруға көмектесуі керек», — деді Серік Жұманғарин.