Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, өңірде астық жинау науқаны шілде айында басталып, белгіленген кесте бойынша жүргізілуде. Талас және Жуалы аудандарында ауа-райы мен климаттық жағдайларға байланысты бұл науқан әдетте кешірек басталады.Талас ауданының егістік алқабын негізінен тау жотасына отырғызылған арпа және күздік бидай құрайды.
Ал облыс бойынша масақты дәнді дақылдарды жинау жұмыстары бүгінгі таңда аяқталуға жақын. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек облыс көлемінде бүгінге дейін 371,1 мың гектардан масақты дәнді дақылдар толық жиналған. Ал, жиын-терім жұмыстары бойынша жалпы жиналған масақты дәнді дақылдың көлемі 633,4 мың тоннаны құрап отыр.
Биыл Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 756,2 мың гектарға орналастырылып, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,4 мың гектарға ұлғайды.
"Осы алқаптардың ішінен дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 390,2 мың га. майлы дақылдар 72,4 мың га. алаңға, қант қызылшасы - 5,5 мың га, картоп - 11,6, көкөніс - бақша дақылдары-61,1 мың га жерге егілді. Жем-шөп дақылдары 215,2 мың га жерге орналастырылды. Дәнді дақылдардың балансы бойынша облыста жем - шөпке 458 мың тонна астық бөлініп шаруашылықтарда сақталуда", - деп атап өтті ведомство өкілі бізге берген мәліметінде.
Биылғы жылғы масақты дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 17,1 центнерді құрайды. Жамбыл облысы үшін бұл орташа өнімділік. 2019 жылы масақты дәнді дақылдардың орташа өнімділігі бір айналымға 22,7 центнерді, 2017 жылы - 23,8 центнерді, 2016 жылы - гектарына 24 центнерді құрады, бұл елдің оңтүстігі үшін рекордтық көрсеткіштерге жақын.
Жамбыл облысы еліміздің ауыл шаруашылығы бойынша басым аймақтарының бірі болып табылады. Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жалпы ауданы 4,6 млн гектарды құрайды, оның ішінде егістік 781,8 мың га, суармалы жерлердің ауданы 182,4 мың га, көпжылдық екпелер — 3,9 мың га, шабындықтар — 123,5 мың га, жайылымдар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің басым бөлігін – 3,5 млн га алады.