1 тамыздан бастап елорда әуежайының автотұрақ тарифіне өзгеріс енеді. Тамыз айының басынан P1, P2, P3 аймағындағы автотұрақ бағасы 100 теңгеден 200 теңгеге көтеріледі. Ал P4, P5, P6 аймағындағы көлік тұрағының бағасы сағатына 50 теңгеден 100 теңгеге өзгереді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Әуежай баспасөз қызметінің мәліметіне қрағанда, жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жасалған отырғызу-түсіру экспресс жолағын теріс пайдалану фактілерінің көбеюіне және жолаушылардан келген шағымның артуына байланысты 15 минуттық тегін отырғызу-түсіру жолағына тәулік ішінде үшінші рет немесе одан да көп кірген жағдайда жаңа тариф бойынша 300 теңге төлейсіз.
«Автотұрақ тарифінің өзгеріске ұшырауына коммуналдық тарифтердің өсуі сеп. Дегенмен әуежайдағы автотұрақ бағасы тасымалдаумен айналысатын өзге нысандардағы бағадан едәуір арзан. Алайда әуежайдағы жабық тұрақтың құны еш өзгеріссіз қалады. Жабық тұрақ ішкі рейстер орындалатын T2 терминалының оң жағында орналасқан.
274 орынға шақталған жабық тұрақтың құны – 12 сағатқа 1 400 теңге. Тәулігіне – 1 800 теңге. 12-24 сағат аралығында 2 000 теңге», – деп жазылған хабарламада.
Астана әуежайының әкімшілігі ақылы тұрақтарға балама ретінде жабық тұрақтың тура жанында орналасқан тегін тұрақты ұсынады. Сондай-ақ тегін тұрақ көбіне жартылай бос болады.