Британдық "Article 19" құқық қорғау ұйымы сарапшылармен аылдаса отырып, жыл сайын Global Expression Report (GxR) жаһандық баяндамасын жариялап тұрады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі inbusiness.kz-ке cілтеме жасап.
Онда бүкіл әлемдегі сөз бостандығына, халықтың және халықаралық қауымдастықтың толыққанды, шынайы ақпарат алу құқығының жай-күйіне егжей-тегжейлі шолу жасалады, ахуал мұқият талданады.
Құқық қорғаушылар GxR жаңа баяндамасын жариялады. Онда дүниежүзіндегі 161 елдегі сөз бостандығы, пікір білдіру еркіндігі 25 көрсеткіш бойынша сараланған.
Ол көрсеткіштерде әрбір мемлекеттегі бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты, интернеттегі, әлеуметтік желілердегі жазбаларға қатысты мемлекеттік цензураның бары не жоқтығы, журналистердің пікірі үшін қудалануы, академиялық және мәдени ортадағы еркіндік, діни және наным-сенім бостандығы және басқалары ескеріледі.
Қорытындысында әрбір елге нөлден бастап, 100-ге дейін балл берілді.
Бұл жаһандық рейтингте Қазақстан өкінішке қарай өте нашар баға алып отыр. Республика биыл небәрі 21 ұпаймен әлем елдері арасында 121-орынға түсті. Тіпті африкалық елдер де Қазақстаннан жоғарыда тұр.
Жоғарыда Ирак (111), Камерун (114), Палестина (116), Сомали (117), Эфиопия (118), Уганда (119) орын тепті.
"Жаңа Қазақстанды" астыңғы жақтан да африкалық елдер қоршап, қаумалап тұрған көрінеді. Гвинея да 21 балмен 122-ші тұғырға тұрақтады. Зимбабве 123, ал Судан 125-орында жайғасыпты.
Жаһандық рейтингте екінші жыл қатарынан қатты құлдыраған ел – Ресей. Ол сөз бостандығы бойынша көште биыл 12 орынға кері кетіп, тізімнің соңғы жағындағы 141-орынды місе тұтты.
Биылғы баяндамада бүкіл әлем бойынша сөз бостандығына, ой еркіндігіне қауіп төніп тұрғаны атап өтіледі.
"Дүниежүзі бойынша сөз бостандығы осыдан он жыл бұрынғыға қарағанда 80%-ға нашарлады. Барлық көрсеткіштер қатты құлдырап барады. Әлемдегі 6 миллиардтан астам адам өмір сүріп жатан 80 мемлекетте сөз бостандығы шектелуде. Жер ғаламшары тұрғындарының небары 13% ғана бұл тұрғыдан қолайлы, еркін елдерде тұрып жатыр. ХХІ ғасырдың басында бұл көрсеткіш 22% болатын", – деп хабарлады ұлыбританиялық "Article 19" құқық қорғау ұйымының сарапшылары.
Жалпы алғанда, 2012 жылдан бері елдердің жаһандық орташа балы (Global Expression Score) 6 балға төмендеп кеткен.
Бүгінде Африканың Сахарадан оңтүстікке қарай бөлігінде, Таяу Шығыста, Солтүстік Африкада еркін ел қалмады. Африканың Сахарадан оңтүстікке қарай бөлігі сөз бостандығы бар соңғы елін (Гана) жоғалтты: онда 2019 жылғы билік транзитінен бері автократия күш алуда.
ТМД көлемінде жоғарғы тұғырға Грузия (42) және Армения (62) орналасты. Украина – 103-ші, ал Қырғызстан – 104-орынға көтерілді және Қазақстаннан (121) жоғары тұр. Беларусь Ресейден де төмен құлдырап, 158-орынға түсті.
Өзбекстан – 133, Әзербайжан – 134, Тәжікстан – 149, Түрікменстан – 159-орында.
Әлемдегі ең еркін елдер қатарына сарапшылар Дания, Швеция, Норвегия, Швейцария және Финляндияны жатқызды. Тиісінше, олар көшті бастап тұрған бестікке кірді. АҚШ 21-ші, Ұлыбританияның өзі – 34-орынға қанағаттанды. Олардың барлығы ашық ("Open") статусына ие.
Жалпы алғанда, посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер сарапшылардың алаңдаушылығын туғызады: қазіргі кезде бұл барынша поляризацияланған аймақ саналады. Ондағы елдердің бір бөлігі барынша жоғарылай алды, ал енді бір бөлігі соңғы онжылдықта алапат қарқынмен кері кеткен.
Қазақстан сөз бостандығы жөнінен "Қатты шектелген" (Highly Restricted) деген статусқа ие. "Crisis" мәртебесіне шамалы ғана қалған.
Ресейде сөз бостандығы дәл осылай дағдарысқа ұшырады деп есептеледі. Халықаралық сарапшылар Украинаға қарсы соғыс ашқалы солтүстік көршімізде 250-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының мәжбүрлі түрде жабылып қалғанына, тәуелсіз журналистерге шетелге бас сауғалап қашып, пана іздеуге тура келгеніне назар аудартады.
Қазақстан билігінің көз алдында көршінің жаман үлгісі, үрейлі тәжірибесі бар. Одан үйренбеген, жиренген жөн.