Бүгін Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев көкөніс дақылдары егілген алқаптардың аумағы өскенін айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
«Кейінгі 3 жылда көкөніс дақылдарының егіс алаңдары 10,5 мың гектарға ұлғайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша оның аумағы 169,7 мың гектарды (2019 ж. – 159,2 мың га) құрады, оның ішінде сәбіз алқабы 1 мың гектарға (2019 ж. – 20,6 мың га), қияр 2,1 мың гектарға (2019 - 21,0 мың га), пияз 4,5 мың гектарға (2019 ж. – 32,7 мың га) ұлғайды. Аталған кезеңде көкөніс дақылдарының орташа өнімділігі артты. Мәселен егер 2019 жылы ол 260,5 ц/га болса, 2022 жылы ол 271,4 ц/га жетті», - деді Е. Қарашөкеев.
Осы орайда ол көкөніс дақылдарының жалпы өнімі 653 мың тоннаға ұлғайып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 4,8 млн тоннаны құрағанын жеткізді.
«Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар дақылдардың жалпы түсімі өсті, пияз 187,8 мың тоннаға (1 млн 114 мың тоннаға жетті), сәбіз түсімі 17,2 мың тонна (621,4 мың тонна), қияр 74,1 мың тонна (568,7 мың тонна), қызанақ 10,7 мың тонна (801,2 мың тонна) артты. Картоп өндіру бойынша да осындай жағдай. Кейінгі үш жылда егіс алаңдары 7,6 мың гектарға ұлғайтылды және 2022 жылдың қорытындысы бойынша 198,9 мың гектарды құрады. Өнімділік 203,4 ц/га-дан 205,3 ц/га-ға дейін ұлғайды, жалпы алым 168,4 мың тоннаға өсіп, 4,1 млн тоннаны құрады», - деді министр.