Елордалық полицейлер синтетикалық есірткіні заңсыз сатумен күресу үшін пәрменді шаралар қабылдауда.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы елорданың тұрақты даму орталығымен бірлесіп, «Smart Astana» қосымшасының платформасында «Есірткіге жол жоқ» ақпараттық сервисін әзірледі.
Сервистің жұмысы есірткі заттарының заңсыз жарнамасын (есірткі граффити) жедел жоюға бағытталған.
Сервис қосымшаны қолданушыға есірткі граффитиінің фотосуретін екі рет басу арқылы жіберуге мүмкіндік береді, бұл ретте бағдарламаның өзі оның орналасқан жерін танып, барлық деректерді Астана қаласы полиция департаментінің арнайы арнасына жіберіп, полицейлер тез арада шара қолданады.
Әрбір өтініштің орындалу жағдайы арнайы есепке алу бағдарламасында көрсетіледі.
Ақпараттық қызмет іске қосылған бірінші күннің өзінде-ақ, «Алпамыс» тұрғын үй кешенінің тұрғынынан үйдің қабырғасында күдікті жазу барын хабарлаған хабарлама келіп түсті. Аталған жәйт бойынша учаскелік полиция инспекторы шара қолданды.