Алматыда синтетикалық есірткі сатумен айналысқан жас жұп ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы ПД Тергеу басқармасының өндірісінде адамдар тобымен аса ірі көлемде синтетикалық есірткіні сату бойынша қылмыстық іс бар.
Синтетикалық есірткіні сатумен айналысқан жас жұп Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің көзіне түсті. Кейіннен, Әуезов ауданының аумағында арнайы іс-шаралар кезінде 23 жастағы М.есімді жігіт пен 20 жастағы Н.есімді жас қыздың қылмыстық әрекеттері құжатталды.
– Сараптама жүргізген осы іс-шаралар барысында тәркіленген зат аса көп мөлшердегі синтетикалық есірткі – “мефедрон” екендігі анықталды. Екі адам да “синтетиканы” таратушы ғана емес, сондай-ақ оны тұрақты тұтынушылар екендігі анықталды. Бірнеше күн бұрын есірткі саудасымен айналысқан жұп ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128, 131-баптарына сәйкес ұсталып, Алматы қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына орналастырылды және тергеу сотының келісімімен қамауға алынды. Ұсталғандардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі 1,3-тармақтарына сәйкес квалификацияланған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, іс бойынша бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Әділ Салаев.