Сенаторлар заң жобасын қарады, оған сәйкес жер учаскелеріне құқық электрон форматта беріледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сенатта "Кейбір заңнамалық актілерге бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды.
Заң жобасын талқылау барысында цифрлық даму вице-министрі Әсет Тұрысов бос жер телімдері туралы ақпараттың болмауы әкімдіктерге азаматтарға жер учаскесіне құқық беруден ресми түрде бас тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Халықтың барлық тобына алып жатқан немесе бос жатқан жер учаскелері, тіркелген жылжымайтын мүлік нысандары, инфрақұрылымдар туралы ақпаратқа тең және толық қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының ақпараттық жүйесі әзірленді. Жаңадан құрылған ақпараттық жүйе жер-құқықтық кадастр ақпаратын біріктіреді, оған қолжетімділік қоғамдық кадастрлық карта арқылы жүзеге асырылады. Карта жер телімдері, бас жоспарлар, елді мекендерді егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйенің ашық ақпараттық ресурсы саналады", - деді Тұрысов заң жобасын таныстыра отырып.
Вице-министрдің айтуынша, ақпараттық жүйені енгізу жер қатынастары саласындағы рәсімдерді жетілдіреді және оңтайландырады, сондай-ақ оларды цифрландыруды қамтамасыз етеді. Жаңа тәртіп әкімдіктерге бармай-ақ, қоғамдық кадастрлық картаны пайдалана отырып, "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы әкімдіктерге өтініш беруді қарастырады.
"Заң жобасының негізгі мақсаты жер учаскесіне құқық берудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеу және жер учаскелерін электрон форматқа көшіру арқылы беру тәртібін жеңілдету бөлігінде жер заңнамасын жетілдіру болады", - деді ол.
Тұрысовтың айтуынша, түзетулер жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті тіркеу кезінде қайталануды жояды.