Үкімет Қазақстан аумағына көшіп келушілердің елге келу және болу ережелеріне өзгерістер енгізді. Үкімет қаулысының мәтіні нормативтік құқықтық актілердің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде жарияланды, деп хабарлайды kazlenta.kz
Жаңа түзетулерге сәйкес, егер шетелдік азамат Қазақстанға виза талап етпейтін тәртіппен келген болса, онда ол Қазақстан шекарасын кесіп өткеннен кейін күнтізбелік 30 күннен кейін республикадан кетуі керек. Бұл ретте шетелдіктер 180 күнтізбелік күннің әрбір кезеңінде Қазақстанда барлығы 90 күнтізбелік күн бола алады.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін елде болу мерзімі Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік 90 күн өткен соң аяқталады.
Сонымен қатар олар да әрбір 180 күнде Қазақстанда 90 күн ғана бола алады. Осылайша, егер бұрын шетелдіктер шетелге шығып, Қазақстанда рұқсат етілген 90 күндік болу мерзімі аяқталғаннан кейін оралса, енді мұндай мүмкіндік болмайды. Бұл тәжірибе "визаран" - ағылшынның "visa" және "run" - "жүгіру" сөздерінің қосындысы. vc.ru сайтының атап өтуінше, бұл - елде заңды түрде болу шарттарын жаңарту мақсатында мемлекеттің шекарасынан өту. Дегенмен, жаңа ережелердің Қазақстан визасы немесе елде уақытша тұруға рұқсаты бар адамдарға қатысы жоқ. Бұл санаттағы азаматтар үшін Қазақстанда болу мерзімі визаның немесе тұруға рұқсат мерзіміне байланысты.
18-01-2023, 11:19
Шетелдіктер елімізде болу мерзімін 90 күнге ұзарту үшін ел шекарасын қайта кесіп өте алмайтын болды
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз