Тиісті сауалды Ішкі істер министріне журналистер қойды. Марат Ахметжанов сұраққа соңғы статистикаға сүйеніп жауап берген.
"Қазақстанға 200 мыңнан астам Ресей азаматы кірсе, бүгінде 147 мыңы елден кеткен", - деді министр.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің басшысы 21 қыркүйектен бері қанша ресейлік Қазақстан азаматтығын алуға өтініш бергенін айтқан болатын. Ахметжановтың сөзінше, есепті кезеңде Ресейдің 382 азаматы тұрақты тұруға, 64-і Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдірген. Ол бүгінгі таңда еліміздегі криминогендік жағдай тұрақты екенін атап өткен.