Марқұмның күйеуінің әкесі Бауыржан Оразовтың айтуынша, келіні мен баласы ешқандай қиындық көрмеген. Екеуі жанжалдаспаған, отбасылық өмірлеріндегі қиындықтарын айтып ешқашан шағымданбаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Қайын атасының айтуынша, қайғылы оқиғадан бір күн бұрын ол келінімен сөйлескен. Бірақ, оның мінезінен күдікті ештеңе байқамаған.
"Келін әдеттегідей менен: "Әке, қалайсыз",- деп сұрады. Жақсы сөйлестік. Ол өте жақсы адам болатын. Не болғаны бізге де жұмбақ. Балам Нұрсұлтанды жаман деп айта алмаймын. Ішпейді, темекі шекпейді. Осы оқиғаны естігенде: "Әке, төртеуі де жоқ. Енді мен не үшін өмір сүремін?" деп жылады", - дейді қайын атасы.
Қазір 28 жастағы марқұмның күйеуінің ата-анасы ұлдарының өмірі үшін қорқады. Өз-өзіне қол жұмсай ма деп қауіптенеді.
Туыстарының айтуынша, 30 жастағы Нұрсұлтан базарда жұмыс істейді. Отбасының банкте несиесі болмаған. Қайтыс болған қыздарының үлкені қыркүйекте Алматы мектептерінің біріне барған. Білім ошағының директоры отбасы туралы сөз қозғап, олардан ешқандай ерекшелік байқалмағанын айтты.
"Нұрсұлтан сабырлы. Оның әйеліне дауыс көтергенін естіген емеспін. Олар тату-тәтті жақсы өмір сүрді. Балаларын ұқыпты киіндіретін. Кенеттен болған бұл оқиғаны естігенде есеңгіреп қалдық", - дейді туысы Ғалымжан Оразов.
Марқұм 28 жастағы Бақтыгүл Қыдырбаеваның ата-анасы Шымкентте тұрады. Олар болған оқиға туралы айтудан бас тартты. Ана мен балалардың денесі ертең жерлеу рәсімі өтетін Қазығұрт өңіріне жеткізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда әйел кішкентай үш баласымен 9-қабаттан секіріп кеткені хабарланған болатын. Оқиға орнында әйел мен екі бала қаза тапты. Жедел жәрдем көлігінде тағы бір бала қайтыс болды. Куәгерлер оқиға қалай болғанын айтып берді. Кейін марқұм хат қалдырғаны мәлім болды.
Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабына сәйкес тергеліп жатыр. Тергеу-жедел тобы құрылған.