Орал қаласындағы облыстық кардиологиялық орталықта UMC клиникасының радиология мен ядролық медицина департаментінің директоры Даутов Тайрхан Бекболатұлы облыс дәрігерлеріне лекция оқып, тәжірибесімен бөлісті. Делегация құрамындағы кардиолог-дәрігерлер аталмыш кардиологиялық орталықта қабылдау жүргізді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Делегация құрамында кардиология, балалар хирургиясы, гинекология, акушерлік, диагностика, интеграциялық радиология және т.б. сала мамандары қамтылған. Шара мақсаты аймақ дәрігерлері арасында ынтымақтастықты нығайту, Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтаудағы жоғары медициналық технологиялар трансфері, жергілікті жердегі дәрігерлермен тәжірибе алмасу, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында түрлі медициналық технологияларды дамыту, халыққа кеңес беру қызметтерін көрсету арқылы Республика халқын медициналық қызметтермен қамтуды барынша арттыру болып табылады. Еліміздің тұрғындары өзге мемлекеттерде емес, өз елімізде ем алса деген ниетті ұстанған. Осы орайда жоғары медициналық қызмет көрсету сапасын дамытуды қолға алған.
«Бүгін біз Орал қаласының қалалық ауруханасында аяқ-қолының ишемиясы бар ауыр науқастарға 2 ота жүргіздік. Ота барысында сирақ артерияларының ангиопластикасының аз инвазивті араласулары жасалды. Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы тұрақты. Палатаға орналастырылды, көңіл-күйлері жақсы. Ауруханалардың жарықтандыруы мен жақсы жабдықталуын атап өткім келеді. Жоғары технологиялық жабдықтар, нақтылап өтсек компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография сияқты диагностикалық құрылғылармен жабдықталған. Сонымен қатар, шығын материалдарының толықтығын атап өткім келеді: операцияға қолданылатын барлық қажетті құрылғылар, өткізгіштер бар. Жабдықталу жағынан көңілім толды» деп өз ойымен бөлісті "University Medical Center" корпоративтік қорының интервенциялық радиология бөлімшесінің меңгерушісі Землянский Виктор Викторович.
Землянский В.В.
Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Лаисканов Исламбек Аманбайұлы 1 күннің ішінде жүрек ақауы бар 30 шақты науқас қаралып, жағдайы ауыр 20 науқасқа Нұр-Сұлтан қаласына жолдама берілгенін атап өтті. Исламбек Аманбайұлы тәжірибе бөлісу мақсатында іс-сапарлармен аймақтарға жиі шығып тұратындарын да жеткізді.
Даутов Т.Б.
Келесі кезекте UMC клиникасының радиология мен ядролық медицина департаментінің директоры, радиациялық диагностика және интервенциялық радиология бойынша денсаулық сақтау министрлігінің бас маманы Даутов Тайрхан Бекболатұлы өз ойымен бөлісті.
«Делегация құрамында 12 адам болып келдік. Өз тәжірибемізбен, білімімізбен бөлісіп, өңір дәрігерлерінің дағдыларын жоғарылатуды мақсат етіп келдік. Бүгін кардиохирургтарға арнап 2 лекция оқыдым, атап өтсем инфаркттың бірнеше түрлері болады, соларды ажыратып, алдын-алу жайында және замануи компьютерлік, магниттік-резонанстық томографиялардың кардиологиядағы мүмкіндіктері жайындағы лекциялар оқылды. Болашақта осы сала дамып, жақсы нәтижелерге жетсек деген ниетім бар. Себебі әлем бойынша жүрек ақауынан зардап шегушілер мен жүрек ауруынан өлім саны өте көп. Аталмыш дертке төтеп беру үшін, осылай аймақтарды аралап, тәжірибе алмасып тұру-құп шешім деп білемін».
«Бүгін біздің облысқа Нұр-сұлтан қаласынан жоғары мамандандырылған әріптестеріміз келді. Үш күн бойы олар ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек, консультациялық көмек жүргізіп, науқастарды қарайтын болады. Бүгінгі күннен бастап консультациялар жүргізілуде. Емханамызда жылына жүрек тамырларына 2000-ға жуық коронографиялық зерттеулер, 200-ге жуық ашық жүрек операциялары жасалады. Шамамен 80000 адам диспансерлік есепке алынған» дейді облыстық кардиологиялық орталық директоры Умирбаев Ақтілек Армандиевич.