Жамбыл облысында "Құқықтық тәртіп" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Үш күн бойы полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізді. Іс-шара барысында іздеуде жүрген 16 адам ұсталды. Сондай-ақ тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау немесе тарату деректері бойынша 262 адам ұсталды. Жол қозғалысы қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында да ауқымды жұмыс атқарылды. Нәтижесінде үш күн ішінде 1571 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, көлікті мас күйінде басқарудың 24 дерегі, қарсы қозғалыс жолағына шығудың 21 дерегі және көлік басқару құқығынан айырылған азаматтардың рөлге отыруына қатысты 21 жағдай тіркелді.
Бұдан бөлек, 468 азамат тіркеусіз тұрғаны немесе жеке басын куәландыратын құжаттары болмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкені үшін тағы 150 адам жауапқа тартылды. Көші-қон заңнамасының сақталуына да ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар тарапынан жасалған 71 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Тексеру нәтижесінде 31 шетел азаматы Қазақстан Республикасы аумағынан шығарылды. Полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.