Қарағанды облысында 2 800-ден астам жол ережесін бұзу дерегі анықталды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау және жолдағы тәртіпті күшейту мақсатында республикалық "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Кең көлемде ұйымдастырылған рейдтік жұмыстар барысында полицейлер мыңдаған құқық бұзушылықтың жолын кесіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейтті. Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2 800-ден астам дерегі тіркелді. Оның ішінде 57 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ қарсы қозғалыс жолағына заңсыз шыққан 54 жүргізуші, көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған 22 азамат анықталды. Полицейлер заңсыз қайта жабдықталған 94 көлікті, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдаланудың 17 дерегін және есірткі заттарын медициналық емес мақсатта қолданудың 28 фактісін тіркеді. Өкінішке қарай, профилактикалық жұмыстардың тұрақты жүргізілуіне қарамастан, кейбір жүргізушілер заң талаптарын елемей, өздерінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндіруді жалғастыруда.
Мәселен, 18 шілдеде Теміртау қаласында жүргізуші куәлігі жоқ әрі мас күйінде Warrior электрмопедті басқарған азамат ұсталды. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалды. Ал 19 шілдеде Балқаш қаласында тоқтатылған Lada Priora автокөлігінің тізгінінде бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған 32 жастағы ер адам отырғаны анықталды. Ол қайтадан мас күйінде көлік басқарған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Сол күні Теміртау қаласында тағы бір өрескел құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Полицейлер 47 жастағы скутер жүргізушісін тоқтатып, оның да көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, алкогольдік масаң күйде көлік тізгіндегенін анықтады. Полиция жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің ортақ міндеті екенін еске салады. Жолдағы бір сәттік жауапсыздық адам өміріне қауіп төндіріп, орны толмас өкінішке ұрындыруы мүмкін. Сондықтан тәртіпке бағыну – қауіпсіздіктің басты кепілі.